«Тойды тоқтата тұрайық». Қамысқалалық ардагер асаба пікірін білдірді

Қамысқалалық ардагер асаба Қуанғали Нәубетов осындай қиын шақта әр азамат елге шынайы жанашырлығын білдіруі тиіс деген пікірде.

Әлі де талай тойдың сәнін кіргізетін Қуекең асабалық қызметтің тек қонақтың көңілін көтерумен шектелмейтіндігін, ел алдында сөз сөйлеуге лайықты деген азамат ретінде олардың халықты тәрбиелеуге де атсалыса алатындығын айтады.

– Бастапқы кезде әртүрлі алып-қашпа қауесеттерге еріп, көпшілігіміз бұл індеттің бар-жоғына да күмәнмен қарағанымыз рас. Уақыт өте келе халықтың көзі жете бастады деп ойлаймын. Жағдай мәз емес. Ахуалға сай карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, там-тұм ел арасында отбасылық шаралардың өтіп жатқанын байқаймыз. Ендігі жерде бұндай бейқамдықты қойғанымыз дұрыс. Ешкім қазаққа «той тойлама» дей алмайды. Менің айтып отырғаным, дәл осы бір қиын кезден аман-есен өтіп кету. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, жоспардағы тойымызды бірер айға шегере тұрғаннан ұтыла қоймаспыз, - дейді ағамыз.

Бәрінен бұрын халықтың амандығын бірінші кезекке қойған тәжірибелі асаба дәл қазір бір отбасылық шараны жүргізуге тапсырыс келе қалса, ойланбастан бас тартатындығын және қуаныш иесіне жағдай түзелгенше тойын тоқтата тұруын кеңес қылатынын айтады. Сонысын ізін жалғап жүрген інілеріне де үлгі қылғысы келетін Қуанғали асаба «Бір күндік табыстан ауыл-елдің амандығы мың есе артық» дейді.

- Қуаныштың ерте кеші жоқ. Кейін де тойласақ болады. Өлім-жітімге амал қайсы? Аяқ астынан келетін ажал ешкіммен ақылдаспайды. Сондықтан, мұсылманшылықпен жаназа өткізу, кейінгі қадесі деген сынды дәстүрлі жиындар бар. Оның өзін де реттеп, шектен шықпай, халықты көп шоғырландырмай өткізу керек шығар, - деп ойын жалғаған ағамыз көпті індетпен бірге күресуге шақырады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521