Төртінші бастама тың серпін туғызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі күнгі халыққа Жолдауында елімізге енген пандемия зардабынан кейінгі қиыншылыққа қарамастан, ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер атап көрсетілді.

Пандемия кезінде де мәдениет қызметкерлері, соның ішінде біздің аудандық кітапхана мен ауылдық кітапханалар қызметкерлері жұмысты тоқтатуға болмайтынын, жаңа әдістер тауып, оқырмандармен қарым- қатынасты жаңаша орнату қажеттілігін, жаңа жағдайдағы жұмысқа тез арада бейімделу керектігін бірден түсініп, халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматтарына көше білді. Яғни, халыққа рухани азық беру мақсатында қашықтан жұмыс жасап, түрлі бағыттағы шаралар мен виртуалды кітап көрмелерін, тікелей эфир арқылы кездесу, дөңгелек үстел, т.б. мәдени-көпшілік шараларды онлайн бағытында ұсынып, қалың оқырманның талғамынан көрініп, көңілінен шыға алды.

Осы орайда Жолдаудағы өз саламызға қатысты Төртінші бастамада айтылған «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды.

Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді» делініп нақты айтылуы әріптестеріміздің көңіліне қуаныш ұялатып, тың серпіліс туғызғанын атап өтуге болады.

Бұл шешім минималды жалақыға жауапты қызмет атқарып жүрген кітапхана қызметкерлері үшін өте тиімді болмақ. Мемлекет басшысының бастамаларын аудан кітапханашылары да қолдайды.

Шынар МАХСУТОВА,

аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT