Төрт егіздің тағдырын тоғыстырған…

 

Атыраудағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімі биыл ерекше құрамымен назар аудартып отыр. Қазақстанның әр өңірінен жиналған сарбаздар арасында бір емес, екі бірдей егіздер жұбының бір бөліністе қатар қызмет атқаруы – әскери бөлім тарихында сирек кездесетін оқиға. Олар – ақтөбелік Әділбек пен Айтымбек Сатыбалдиевтер және жаңаөзендік Оразмағамбет пен Тұрмағанбет Аманқосовтар. Төртеуінің тағдыры әртүрлі болғанымен, ортақ мақсаты – Отанға адал қызмет ету.

Әскери борышын аяқтауға жақындаған Әділбек пен Айтымбек әскерге алғаш келген күннен бастап барлық қиындықты бірге еңсеріп, бір-біріне тірек болған. «Әскерге келдік, Отан алдындағы борышымызды атқардық. Көп нәрсе үйрендік. Шыдамдылықты, тәртіпті, жауапкершілікті осы ортадан көрдік», – дейді егіздер.

Командирлер олардың әрдайым жұп болып жүретінін айтып, әзілдеп «бірі – екіншісінің айнасы» деп атайды. Расында да, сапқа тұрса – қатар, тапсырма орындаса – бірге, түнгі кезекшілікке де иық тіресе шығады. Өзара қолдау олардың әскери өмірге тез бейімделіп, тәртіпті сарбаз ретінде қалыптасуына себеп болған.

Ал әскери өмірінің алты айын ғана өткеріп жатқан жаңаөзендік Оразмағамбет пен Тұрмағанбет – бөлімнің жас жауынгерлері. Олар да алғашқы күннен-ақ ақтөбелік егіздермен тез тіл табысып, бір-біріне бауыр басып кеткен. «Біз төртеуіміз бір бөліністе қызмет атқардық. Әрдайым бірге болдық, бірге жауынгерлік қызметке түстік. Бір жылдық борышын өтеп, үйлеріне оралуға дайындалып жүрген Әділбек пен Айтымбек бізге туған ағаларымыздай болып кетті», – дейді жаңаөзендік егіздер.

Әскери бөлімге алғаш келгенде бір-бірін мүлде танымайтын төрт жігіт қысқа уақыт ішінде бір үйдің балаларындай болып кетті. Бөлім басшылығының айтуынша, егіздердің болуы жеке құрам арасында ерекше ауызбіршілік пен тәртіптілікті арттырған. Тіпті көп жағдайда олардың өзара түсінігі мен қолдауы өзгелерге үлгі болып жүр.

Әр өңірден келген сарбаздарды бір арнаға ғтоғыстырған бұл әскери бөлім олардың есінде тек Отан алдындағы борышты өтеу орны ретінде ғана емес, бауырластықтың, шыдамдылықтың және ерліктің мектебі ретінде қалары анық.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT