Тәртіпке бағынған елдің еңсесі биік

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады. Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады» деп жолдауда айтылған сөзі әрқайсымызға ой салады. Шын мәнінде, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық ең алдымен әрбір азаматтың заңға құрметпен қарауынан басталады. Заң үстемдігі сақталған жерде ғана әділдік орнап, елдің болашағы жарқын болмақ.
Бүгінгі таңда тұрмыстық дау-жанжал, қоғамдық орындардағы әдепсіздік пен тәртіпсіздік – баршамыздың мазамызды алатын мәселелердің бірі. Сондай-ақ, әйел адамдардың да айқай-шу шығарып, мәдениетке жат қылық көрсетуі қоғамымыздың рухани деңгейіне көлеңке түсіретіні жасырын емес. Бұл – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, әрбір саналы азаматтың алаңдауына себеп болатын жайт.
Сондықтан Президент атап өткендей, құқық бұзушылыққа қарсы ортақ ұстаным қалыптастыру – уақыт талабы. Әрбір отбасы баласын ізгілікке, әдепке, мәдениеттілікке баулып өсіргенде ғана біз өркениетті қоғамға қадам басамыз. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос…» деген өсиетін естен шығармай, бір-бірімізге құрметпен қарап, заңға мойынсұнғанымыз абзал.
Тәртіпке бағынған елдің еңсесі биік болады. Ендеше, қоғамдағы тыныштық пен береке-бірлік үшін әрбіріміз өзімізден бастап үлгі көрсетейік.


Бейбітжан Айжарықов,
Исатай аудандық полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің бастығы, 
полиция подполковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT