Соңғы үш жыл ішінде вейп түтініне тәуелді жастар қатары күн санап артып келеді. Әсіресе республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының айтуына қарағанда, электронды темекі саудасы үш жүз есеге күрт өсіп кеткен.
Көк түтінге көмілгендердің дені – жастар.Бұдан бұрын жаға ұстатарлық статистикаға Президенттің өзі де назарын аударып, зиянды өнімге тыйым салу керек екенін айтып, жауаптыларға қатаң ескерту жасаған еді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ электронды темекіні есірткіге теңеп, нашақорлыққа бір ғана қадам қалғанын ашық айтқан еді. Өткен жылғы ұлттық құрылтай жиынында оған тоқтау салуға пәрмен беріп, Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйелі, шұғыл шара қабылдауды жүктеген-ді. Сол себепті енді бұдан былай вейп сатылымына заңмен толық тыйым салынуы керек деген пікірлерде бүгіндері қоғамда қызу талқылануда.
Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуы бойынша, электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды.
Қазір вейптің саудасы елімізде қызып тұр. Әлем нарығында зиянды өнімнің 16 мың түрі бар екен. 30-дан астам елде бұл шылымды сату заңмен шектелген. Ал біздің елде оны емін-еркін табуға болатынын сұраныстың жоғары да айтқанымыздай, үш жылда үш жүз есе өскенінен-ақ байқауға болады. Мұндай рекордтық көрсеткіш бірде-бір нарықта жоқ. Будақ-будақ түтінге көмілгеннің көбі – жастар.
Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны сәнге айналдыруда. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары бұл өнім адам денсаулығына зиянды емес деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. Өзгелер иісі сасық деп өкпе айтпайтын болғандықтан, сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген ойда. Дәрігер мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділік туындатады. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Жеткіншектерді хош иісімен елітіп тұрған Вейп өнімдердің де зияны ұшан теңіз екен. Құрылғының құрамында резина өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылым шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Құрамы белгісіз құнықтырғыш құтыдағы темекіге қатысты тыйым күшейсін деген қоғам белсенділері оны еркін саудаға шығармау керек деп шырылдап бағуда.
Ал, дәрігерлер -Қазір жастар вейпті темекіге қарағанда, зияны аз деп желеу етіп тұтынып жүр. Осылай өздерін алдайды. Әрине, дұрыс емес. Денсаулыққа өте зиян. Өкпенің қабынуына, жүрек-қан тамыры жетіспеушілігіне, ми тамырларының тарылуына әкеп соғады. Бүгінде темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде жауып сатуда. Алайда, электронды темекі өнімдерінің жарнамалары әлеуметтік желіде жүктеліп, сайтта сан түрі самсап тұр. Түтіні тәтті темекіге тым үйір келетіндердің көп бөлігі мектеп оқушылары екен. Никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен,- дейді.
Психологтардың айтуынша, энергетик ішу мен вейп тартуға көбінесе жасөспірімдер әуесқой болады. Оған себеп отбасында рухани тәрбиенің құлдырап, баланың бос уақытының көптігі болуы мүмкін. Ата-ананың көбі бала немен айналысып, кіммен жүргенін біле бермейді. Рухани тәрбиенің құлдырауына материалдық қызығушылық әсер етіп жатады. Балалар өз құмарлығы мен қызығушылығын тез іске асырады. Интернет жасөспірімдердің миын жарнама арқылы улап, зиян еместігін жариялап арандатады. Жасөпірім кезінде ішіп-шеккен бала өзін ересек адам ретінде сезінеді. Қоршаған достарынан, ортасынан қалысқысы келмейді. Бұл жерде бәсеке мәселесі де бар. Тағы бір себебі көп шегіп, ішіп жүрген балалар бір-бірін тартады. Оның түрлерін айтып, әсерін айтып, мақтанады.
Сөзімізді қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл - ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай»,-деуі де үлкен мағына жатқан сияқты.
Түйін:
24 қаңтарда өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасын қабылдады. Түзетулердің бірі - елде вейпке толық тыйым салу. Заң жобасы Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нурумова талқылау барысында депутаттардың түзетулері нақтылаушы нормаларға енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, заң жобасына электронды тұтыну жүйелерін (вейп) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу ережелерін қарастырады деген сөз енгізілген. Бұл бұдан былай сауда орындарында электронды темекі сату күрт тоқтатылады деген сөз. Сондықтан Мәжіліс депутаттарының ертеңгі болашағымыз жастардың денсаулығына осы бастан бей-жай қарамауы құптарлық жайт десек те болады.
Аяпберген САЛИХОВ