Тынымсыз істің тізгінінде

Өткен жылдың соңында қалыптасқан үрдіспен еңбек үздіктерін кеңінен насихаттау, ауданның тыныс-тіршілігіне жыл бойы белсене араласып, биік нәтиже, кәсіби шеберлік көрсете білген әр саланың мамандарын анықтап, құрметтеуді мақсат тұтқан салтанатты жиын өтіп жатқан.

Кезегі келгенде «Үздік құқық қорғау қызметкері» марапатталатыны хабарланды да, қызметтік формасы өзіне құйып қойғандай үйлесіп тұрған полиция аға лейтенанты сахнаға беттеді.

«Өз мамандығының жыл үздіктерін» анықтауда арнайы комиссия ұйғарымына сай алынған аудандық мәслихат шешімімен құқық қорғау саласы бойынша озық көрінген тәртіп сақшысы Ғафур Қарабалин (суретте оң жақта) еді бұл. Сол өткен жылдың сәуірінен аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары болып қызмет етіп келе жатқан оған сала ардагері Күмісбай Әбілхасанов арнайы сыйлығын табыстап, үздіктің лентасын таққаны бар.

Енді міне, тәртіп сақ-шыларының кәсіби мерекесі – Қазақстан полициясы күні қарсаңында онымен жүздесудің сәті түсті. Басылымда мерекеге орай жергілікті полиция қызметінің адамдары туралы әңгімелемек ниетіміз барын білген аталған қызмет бастығы Ахан Хисметуллин бірден Ғафурдың есімін атаған. «Әрине, мерекелі сәтте өзінің үлгілі ісімен көрініп жүрген жандар туралы жазылуы тиіс қой. Біздегі оған бірден-бір лайық жан - Ғафур Қарабалин деп айтар едім» деді ол қысқа әңгімесінде. Алайда, кейіпкерімізге әп дегенде кездесе қоюдың сәті түспеді. Бірінде жиналыста жүрсе, бірінде ат бәйгесі өтіп жатқан жерге аттанып кетулі, тағы бірінде іс-шара өткізуде екенін білдік. Осының өзінен-ақ оның тынымы аздау жұмысқа әбден төселіп алғанын көруге болар еді.

Ол да кешегі ауыл балаларының бірі. Исатай ауылындағы орта мектептен он жылдық білім алып шықты. 2001-2005 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқып, осыннан заңгерлік мамандықты меңгерді.

Ішкі істер саласына 2009 жылы қызметке келген Ғафур содан беріде патрульдік бекетте, жол-патрульдік полиция қызметінде тер төгіп, өзін жан-жақты танытты. Соның нәтижесі болар, оған жас та болса сенім көрсетілді, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары лауазымына бекіді.

– Маған оңай болмайтынын бірден түсіндім. Бұрын өзімнің міндетімді біліп, қызметімді атқарып жүрген болсам, яғни тек өз-өзіме жауап берсем, енді жауапкершілігім көбейді, соған сәйкес бос уақыт та азайды,-дейді Ғафур өзінің біраз уақыт «қолға түспей қойғанына» ғапу өтінгендей. -Жалпы біздің қызметтің мақсаты - жол бойындағы қауіпсіздікті, қоғамдық орындағы тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалау, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып келеді. Сол үшін күні-түні жұмыстамыз, былайынша айтқанда, мезгілсіз-мекенсіз жұмыс - біздікі. Ол үлкен төзімділікті, шыдамдылықты қажет етеді.

Орайы келгенде «Әріптестеріңе, соның ішінде жас қызметкерлерге көңілің тола ма?» деген сауалды көлденең тарттық. Ол болса, жас әріптестеріне өз көңілі тола бермейтінін жасырмады. «Кемшілігі деп айтуға келмес, бірақ бір «әттеген-ай» дегізер жайт – олардың немқұрайдылығы басымдығы, жауапкершілікті жете сезіне бермейтіндігі. Өзді-өздерін кәсіби даярлауға баса назар аудара жүру де жас әріптестердің басты шаруасы» екенін баса айтады ол.

Осыдан кейін ойымызға орала кеткен «Полиция қызметкері қандай болуы керек?» деген сауалдың жауабын да білмек болғанымыз рас.

– Біз халықпен, яғни көпшілікпен жұмыс жасаймыз ғой. Сондықтан полиция қызметкері, ең алдымен, үлкен-кішімен сөйлесе білуі шарт. Адамдармен қарым-қатынаста заңдылықтарды білуі тиіс, яғни заңдық сауаттылығы мол болуы керек. Бұл әрбір полиция қызметкері өз қызметінің талабына орай өздігінен іздене жүруге, оқып-білуге ұмтылуы керек деген сөз. Сондай-ақ өзін шыныққан шымыр күйінде ұстауы тиіс деп есептеймін.

Кейіпкеріміз әріптестерінің кәсіби даярлығы қалыпты болуы үшін бөлімде аптасына екі реттен оқу-жаттығу бағытындағы жұмыстар жүріп тұратынынан да құлағдар қыла кеткен. Өзі аяқдоптан шеберігімен көзге түсіп жүрген аға лейтенанттың ұжымдастарының да спортты серік етуі құптарлық. Нәтижесінде олар талай сайыстарда жүлдегер де танылып жүр екен. Десек те, мұнда 13 учаскелік инспектордың 8-і, 12 жол-патрульдік полиция қызметкерінің 4-уі, штат бойынша 10 болуы керек мектеп инспекторларының 4-уі ғана болуы қызметте қиындықтар келтіріп отырғанын да жасырмады үздік полицей.

Иә, бірді айтып бірге кете береміз, негізгі әңгіме желісі Ғафур хақында еді ғой. Өзгеге үлгі болған үздік полицей әріптестерінің мерекелі сәттерде де мігірсіз қызметте жүретінін айтып қалды. Өйткені, қылмыстың алдын алу, тыныштықты сақтау - қай уақытта да үзіліссіз жүріп жататын іс. Ендеше оның жауапкершілігін мойынға алған кәсіп иелерінің иығындағы жүк те ауыр-ақ.    

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521