Тыныш отбасы - тұрақты қоғам

фото: интернеттен

Отбасын қолдау орталығы отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Орталық жанынан өткізілетін қоғамдық қабылдауларда отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңестер ұсынылады. Мұнда заңгер мен психолог мамандар тұрақты түрде қабылдау жүргізіп, отбасылық жанжалдарды шешудің заңды және мәдени жолдарын ұсынады. Олар әр отбасының жағдайына жеке қарап, бағыт-бағдар береді.

Біздің мақсат – қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың мәселесін заң аясында және түсіністікпен шешуге көмектесу. Отбасында тыныштық пен бірлік болса, қоғам да берік болады.

Сонымен қатар әйелдер мен ерлерге арналған семинарлар мен тренингтер де тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Бұл шаралар отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын нығайтып, жанұялық өмірдегі рөлдерді дұрыс атқаруға үйретеді.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін төмендегідей жолдарды ұстану маңызды:

  • Отбасылық құндылықтарды дәріптеу: өзара сыйластық, сенім, мейірімділік, жауапкершілік пен қамқорлық секілді қасиеттерді бала кезден қалыптастыру — болашақта зорлыққа жол бермеудің берік негізі.
  • Коммуникацияны дамыту: ашық әрі құрметке негізделген диалог орната білу отбасын-дағы түсініспеушіліктің алдын алады. «Мен саған сенемін», «Менің уайымым мынау» деген сияқты сөздер арқылы эмоцияны білдіруге дағдылануы тиіс.
  • Әке мен ананың рөлін тең ұстау: үйдегі тәрбие мен міндет тек бір адамға жүктелмеуі керек. Ер мен әйелдің өзара тең дәрежеде үлес қосуы арқылы әділеттілік пен түсіністік орнайды.
  • Эмоционалды интеллектіні дамыту: отбасында ашу-ыза, реніш, уайым сияқты сезімдерді қалай басқару керектігін үйрету – зорлықтың алдын алудағы маңызды қадам.
  • Үлгі болу: балалар ересектердің әрекетін қайталайды. Егер ата-ана бір-біріне құрметпен қарап, қиын сәттерде сабыр сақтай білсе, балалар да сол үлгіні бойына сіңіреді.

Зорлықтың құрбаны болған әр адам көмекке лайық. Ал зорлыққа бейжай қарау – оған үнсіз келісу. Сондықтан біз тек қана отбасын сақтауға емес, оны мейірім мен махаббатқа, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген шаңыраққа айналдыруға күш салуымыз қажет. Өйткені әр отбасындағы тыныштық — бүкіл қоғамның бейбіт өмірінің кепілі. Себебі шынайы бақыт  зорлықсыз, үйлесімді отбасында ғана болады. Орталық ұжымы алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, қоғамда берік те бақытты отбасылардың көбеюіне өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр.

 

Данабек Бапанов,

Отбасын қолдау орталығының

бұқаралық ақпарат құралдарымен

және жұртшылықпен жұмыс

жөніндегі маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT