Құтыру тағыда бас көтерді

Атырау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қала, аудандар бойынша құтырудан қалыптасқан эпизоотиялық жағдайы туралы мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында соңғы жылдары құтырудың табиғи ошақтарының белсенуі Махамбет, Индер, Исатай, Жылыой, Қызылқоға аудандарында байқалған.

Табиғатта жұқпаны сақтайтын және тарататын жабайы етқоректі жануарлар – қасқырлар, түлкілер, қарсақтар.

Құтырумен күрестің негізгі шаралары жануарларды құтыруға қарсы егу, жабайы және бұралқы жануарлардың санын реттеу болып табылады. Алайда, облыс аумағында қасқыр, түлкі, қарсақтарды ату тиісті көлемде жүргізілмегендіктен, бұл құтыру ауруының табиғи ошағының белсенділігінің артуына әкелген.

Жыл басынан бері Атырау қаласында және Жылыой, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында жабайы аңдардың адамдарға, ауылшаруашылық және үй жануарларына шабуыл жасауы көбейіп отыр.

Биылғы жылдың бес айында Жылыой, Исатай, Индер, Қызылқоға, Махамбет аудандарында 10 жағдайда жануарлардың арасынан құтыру диагнозы расталған. Оның ішінде, ауылшаруашылық малы арасында 1 жағдайдан Жылыой, Индер, Қызылқоға аудандарында, 4 жағдай Махамбет ауданында, түлкі арасында 1 жағдайдан Исатай, Махамбет аудандарында, 1 иттен Махамбет ауданында құтыру диагнозы анықталған. Бүгінгі күні Исатай, Махамбет аудандары құтыру бойынша эпизоотологиялық қолайсыз аудан болып отыр. Дегенмен де, адамдар арасында құтырма ауруы бойынша эпидемиялық ахуал қалыпты.

Облыста 1968-2013 жылдары аралығында 17 адам құтыру ауруынан қайтыс болған, соның ішіндегі 9 жағдай (53%) Құрманғазы ауданында тіркелген. Жыртқыш аңдардан зардап шеккен (қасқыр, түлкі) – 5 адам, итпен қабылған – 11 адам, белгісіз жануардан – 1 адам. Осы адамдардың 12-сі медициналық көмекке жүгінбеген, 1-і антирабиялық көмекке кеш жүгінген, 2-і егіліп жүріп ішімдік қабылдап қойған, қалған 2 адамға медициналық қызметкерлер екпе тағайындамаған. Облыста құтырма ауруы соңғы рет 2010 жылы орын алған.

Аудан бойынша өткен жылдың алты айында медициналық көмек сұрап, жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккен 25 адам қаралып, зардап шеккендердің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 93,3 құраса, 2018 жылдың 6 айында медициналық көмек сұрап, жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккен 16 адам қаралып, зардап шеккендердің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 60,0 құрап отыр.

Құтырма ауруының эпизоотиялық қолайсыз жағдайына байланысты адамдардың антирабикалық көмек сұрау көрсеткіші төменгі деңгейде десек те, ауылшаруашылық малдары арасында құтырмамен расталған 1 жағдай, жабайы түлкімен 1 жағдай тіркеліп отыр. Расталған жағдай, Жанбай ауылдық округінде тұрғын Х.Х ның қорасына түскен түлкінің бас миы сынамасы Атырау облыстық ветеринариялық зертханасының 05.05.2018 жылы №SO-18-Е-237-A-E сараптама актісі негізінде құтыру ауруына «оң» нәтиже бергені туралы хабарланып, қарым- қатынаста болған 1 адам 3 екпесін толық алып, 4 екпесіне ауырып қалуына байланысты екпеге келмей қалған. Осы уақыттарда бірнеше рет екпеге шақырыла тұрса да, күні кеше аудандық емханаға келіп, екпе алудан бас тартқаны туралы қолхат жазып кету фактісі анықталды.

Сондай-ақ, қазіргі күнде құтыруға қарсы екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып отырған тағы бір жағдай Жанбай ауылдық округі, Жанбай ауылында 1103 құтыру ауруының белгісіне күдікпен бас миы облыстық ветзертханаға тапсырылған, иесі белгісіз МІҚ малынан (аталық, сырғасы түсіп қалған) облыстық ветзертхананың №SO-18-Е-442-А-Е санды 11.06.2018 жылғы сараптама актісі негізінде құтыруға «оң» нәтиже берген тағы бір жағдай тіркелді. Исатай аудандық ҚДС басқарма маманы эпидемиологиялық тексеріс жүргізу барысында, Жанбай ауылдық округі тұрғындарының айтуынша, жайылыста жүрген ұсақ-түйек (қозы, қой) малдарды зақымдаған деп қауіптеніп отыр. Иесі белгісіз аталған бұқаны өлтіріп, бас миын алған, сол бұқамен тікелей қарым- қатынаста болған Жанбай ауылдық округінің мал дәрігері құтыруға қарсы екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Осы жағдайды анықтап, аудан әкіміне, жергілікті атқарушы органдарға Жанбай ауылдық округі құтыру бойынша эпизоотологиялық қолайсыз аймаққа жатқызылып отырылғанын қаперге беріп, шектеу жариялау, ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе), ит-мысықтарды құтыруға қарсы жоспарлы профилактикалық иммундау, құтыруға қарсы егілмеген иттерді жеке аулаларға, фермаларға, үйірлерге жіберуді шектеу, ауыл шаруашылығы және үй жануарларын жабайы жыртқыштар тістеген жағдайда, ауруға күдікті немесе тістелген жануарларды оқшаулауға қажетті шаралар қабылдау, құтыру бойынша эпизоотологиялық қолайсыз аймақтарда жабайы жануарларды, иттер мен мысықтарды аулау және жою шараларын жүргізу туралы хат әзірленіп, жіберілген болатын. Алайда, аудандық аумақтық инспекция басшысының №10-10/80 санды 02.07.2018 жылғы хатында Жанбай ауылдық округінің Жанбай ауылында иесі белгісіз бұралқы МІҚ малы басқа қора мен малдарға жақындамаған, адамдармен араласпаған, біреудің аула, малына түспеген, далада өлтірілгендіктен, ол үшін ауылды түгелдей карантиндеуге жатпайды деген хатын жолдап, күні бүгінде шектеу шаралары жүргізілмей отыр. Қазіргі күнде Жанбай ауылдық округі бақылауда тұр.

Алдын алу шараларына тоқталсақ, облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды, үй және жабайы жануарларды аулау және ату мақсатында 9 бригада ұйымдастырылған. Осы мақсатта облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктерден 37 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Басқа аудандарда бұралқы ит, мысықтарды ату, жою жұмыстары жүргізілсе, біздің ауданымызда биылғы жылдың алты айына дейін бұралқы ит, мысықтарды ату, жою жұмыстары жүргізілмей отыр. Өткен жылы 212 ит, 158 мысық ауланып, жойылған.

Қорыта келгенде, аудан көлемінде құтырма ауруының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар әлі де жеткізіліксіз. Құтырма ауруының эпизоотиялық және эпидемиялық қолайсыз жағдайына байланысты ауылшаруашылық малдары арасында құтырма күдіктілер жоғары деңгейде қалып отыр. Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда, аудан көлемінде қаңғыбас ит пен мысықты жою 1,2 есеге артқанымен, қаңғыбас иттер мен мысықтарды ату Исатай ауданында мүлдем жүргізілмей келеді. Үй жануарларының құтырмаға қарсы профилактикалық екпелермен егудің толық жүргізілмеуі, оларды күтіп қарау ережелерінің сақталмауы және қаңғыбас иттер мен мысықтардың, жабайы жануарлардың санын азайту мақсатындағы жұмыстардың жүргізілмеуі адамдарды құтырмамен ауруына әкелуі мүмкін қаупі бар.

Айба УЛДАНОВА,

аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521