ҰБТ тапсыруға берілген өтініштер рекордтық деңгейге жетті

Ұлттық тестілеу орталығына өтініштер онлайн форматта берілгендіктен оқушыларға ҰБТ тапсыруға ешкім кедергі бола алмады.

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға тіркелгендер рекорд орнатты. Тест тапсыруға 131 мыңнан астам оқушы өтініш берді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Рекорд орнатылды: 82%! Биылғы түлектердің осыншама бөлігі ҰБТ тапсыруға тіркелді! Жыл сайынғы 70% мәреден өтіп, өтініштердің жалпы саны 131 мыңнан асты!" деп жазды Смағұлов Facebook парақшасында.

Биыл оқушылар ҰБТ тапсыруға өтінішті алғаш рет электронды түрде берді.

"Қалай айтсақ та, онлайн форматтың көптеген артықшылығы бар және ең бастысы – таңдау мүмкіндігі. Ешкім мектеп оқушысының таңдауына әсер ете алмады және ҰБТ тапсыруға кедергі бола алмады" деп атап өтті Смағұлов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.

11-сыныптың төртінші тоқсан бағдарламасындағы сұрақтар алынып тасталды, себебі бұл уақытта оқушылар коронавирусқа байланысты қашықтан оқуға көшті. ҰБТ-ны 168 пункт базасында қатаң санитарлық ережелерді сақтай отырып, штаттық режимде өткізу жоспарланып отыр. Тест тапсырушылар қашықтықты сақтауы тиіс, жергілікті жерлерде оқушылардың дене қызуы тексеріледі.

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО мен колледждерге құжат тапсыру жаңа оқу жылынан бастап онлайн форматқа ауысатынын айтты.

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT