«Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл туралы 2019 жылғы 8 тамызда Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында айтып берді.
Ол бұл шараның халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейін мөлшерде берешекті өтеуді болжайтынын атап өтті.
«Бүгінгі күні азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге тізім жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді» деп хабарлады Е.Досаев.
Ол азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жасамайтынын, берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізетінін, содан кейін кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жіберетінін атап өтті.
Ұлттық Банктің басшысы сондай-ақ бүкіл қазақстандықтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 2019 жылғы 1 шілдеде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару туралы хабарлады.
«30 шілдеде банктер және микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 33,6 млрд теңге сомаға 1,2 миллион азаматқа айыппұлдар мен өсімпұлды кешірді. 20 тамызға дейін Ұлттық Банк осы ұйымдар жұмсаған шығыстар сомасынан 30%-ды өтейді» деп қорытындылады ол.
Махамбет Маденов,
Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі
Сурет: ашық дереккөзден