Улы газды жұтып жүре береміз бе?

Ауданымыздың қара жерден мұнай айырған өндірісті өңір болғаны – бір есептен экономика үшін, әлеуметтік жағдаяттар үшін тиімді болғанымен, «Потенциал Ойл» компаниясының дәл өкпе тұсында қоныс тепкен Жанбай ауылының тұрғындары үшін өзекті мәселе болып отыр.

Иә, бір кездері ауыл тұрғындары көгілдір отынның келімен бірге қи ойып, отын бұтарлау машақатынан құтылдық деп жар салғаны рас. Әлеуметтік жағдай енді реттеледі, бизнес құрылымдары да дамиды деп қуандық. Онысы рас енді. Газдың келуі жылдар бойы үйін жылыта алмай, қақаған суықта тоңып-бүрсеңдеген көп ағайынның жүзін жадыратып, өңіне күлкі ұялатты. Дегенмен, бір жақсылықтың артында бір жамандығы болатыны іспетті, қазіргі кезде ауданымыздағы мұнай компанияларынан шығатын ілеспе газдың қоршаған ауаны ластап, кей кездері халықты тұншықтырып отырғаны жасырын емес. Тіпті, кеш болса үйінен шығуға жүрексініп, терезені ашуға бата алмай отырғандардар да жоқ емес. Бірнеше қайтара бұл мәселе құзырлы органдарға айтылып, теледидарлардан көрсетіліп, экология мәселесімен айналысатын мекемелердің алдына тартылғанымен, өкінішке орай «баяғы жартас бір жартас» болып отыр.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін Жанбай ауылының тұрғындарының жанайқайға толы мына бір хатынан үзінді келтірейік. Мүстажап Аяшұлы деген жанбайлық зейнеткер авторы болып табылатын хатта былай делінген: «Айтайын дегенім, Жанбайдың іргесіндегі «Потенциал Ойл» компаниясынан және өзіміздің «Жаңаталап» мұнай-кен орындарынан шығып жатқан газдың иісі еді. Мұны бұрын да жазған болатынмын. «Ілеспе газ ауаны ластап жатыр» деген атаумен «Нарын таңына» шықты. Бірақ, бұл ілеспе газ қимылына ұқсамайды. Жиналып тұрған газды түн ортасында ауаға қоя беретінін көргендер бар. Сол «Потенциал Ойлдың», не «Жаңаталап» кен орындарының қасынан өткенде, газдың иісіне сол маңай тұнып тұрады. Кез келген жүргізушінің айтары сол. Таңға жуық терезенің желдеткішін ашқанда, көзге тиер шіріктің күйген иісі үйдің ішін алып кететіні шындық.

Әбден шегіне жетпей үндемейтін халықпыз ғой. Қаншама адам ауырып жүр. Қаншама адам о дүниелік болып кетіп жатыр. Тағдырдың жазуы, Алланың өлшеулі жасы ғой дейміз де отыра береміз. Ана жылдары осы айналадан қаншама мал өлді. Уақ жандыққа көп мән бермейміз ғой, ірі қара түйе, сиыр, жылқы дегендей біршама бас малдың шығын болғанын тұрғындар жақсы біледі. Ұйқыдан бір күн жеп-жеңіл болып тұра алмайсың, меңіреу адамдай боп жүргенің. Газет бетіне жазу көп болды ма, айтылу көп болды ма шығып жатқан газды жарыққа (светке) пайдаланып жатырмыз деген де әңгіме естиміз. Ұялғандары болар, жақын жерден Жанбайға шығып жатқан газбен тегін жарық береміз деген сөз ауыздарынан шыққанға ұқсайды. Бірақ, құйылып тұрған ақшадан айырылып қалу оңай ма? «Атырау-Жарық» АҚ келіспеген деп те естіп жатамыз. Қысқасы, осы шығып жатқан газге қалай тосқауыл қойылады. Әлде созылмалы аурудың жолына түсіп алып, жеткен жерімізге дейін улы газды жұтып жүре береміз бе?

Ақшаның жолында қырылысып жатқандарды, ата-бабамыздың жанын қиып, қорғаштап беріп кеткен жерін әлдекімге қопартып жатқандарды болашақ ұрпақ кешіре ала ма, лағынет айтып жүрмей ме? Жыл өткен сайын жердің шөбі де тықырланып бара жатыр. Эколог мамандар тек айлық алушылар ма, әлде олардың да қолынан келмейтін нәрсе ме? Жалпы, Атырау өңірінде экологиялық мәселеге немқұрайлы қараушылық басым екендігін, жер қойнауын пайдаланушылардың мекемелері тазарту қондырғыларымен жабдықталмаған, шығындылардың ауаға тазартылмай кетіп жатқандығын олардың ҚР-ның экологиялық Кодексін орындамай отырғандығын адамдар арасында түрлі қауіпті аурулардың белең алып тұрғанын халық біліп отыр деп айтуға келмес. «Бағынышты елдің иті де төмен қарап үреді» демекші, неліктен шетелдік компаниялардың алдында ұрлық жасаған баладай төменшектейміз? ҚР-ның Заңын неге орындатпаймыз? Үлкен байлықтың артында үлкен қылмыс жатқанын, оның түбінде анықталатынын әлде ескермейміз бе?». Міне, осындай ашына айтылған ойлардан соң аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясы өз тарапынан Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қ.Қапановқа арнайы хат жазып, аталған мәселеге орай кәсіби маман ретінде түсіндірме беруін сұраған еді. Обалы нешік, айтылған мерзімінде жауабын берген мекеме былай деп жауап жазыпты:

- 1. «Потенциал Ойл» ЖШС-не мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының заңбұзушылықты жою туралы ұсынысы негізінде 2017 жылғы 27 ақпан күні жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, мұнай қыздыруға арналған пештерден зертханалық сынамалар алу барысында шекті рауалды шығарындылар жобасында белгіленген норманы сақтамағаны анықталды. Сәйкесінше тиісті айыппұлдар салынды.

2. «Потенциал Ойл» ЖШС-не қатысты Атырау облысы бойынша "Байтақ Болашақ" қоғамдық бірлестігінің хаты негізінде 2017 жылы 12 қыркүйек күні жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында «Центральный свод» кен орнында қоршаған ортаға газды шикілей шығарып жатырғандығы анықталды. Сонымен бірге қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз жұмыс жасағаны анықталды. Сәйкесінше, тиісті айыппұлдар салынды.

3. «Потенциал Ойл» ЖШС-не 2017 жылдың 2 жартыжылдығына арналған қоршаған ортаны қорғау саласындағы ішінара тексерулер тізімі негізінде сәйкес 2017 жылғы 19 қазан күні жоспарлы тексеріс жүргізілді. Шара шеңберінде қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатынсыз жұмыс жасағаны және жердің ластану фактілері анықталды. Сәйкесінше, тиісті айыппұлдар салынды. Міне, құзырлы органның берген мәліметінде осындай. Егер халық тарапынан тағы да арыз, шағымдар болып жатса, жоспардан тыс тексеріс ашып, аталған мәселеге сәйкес шаралар алатын боламыз, - дейді аталған департаменттің бөлім басшысы А.Темиров деген азамат. Ал, өздері үш рет тексеру барысында қоршаған ортаны сақтау нормаларын бұзатын компанияларға салынатын айыппұл көлемі қанша деген сауалымызға нақты мөлшерін айтпаса да, айыпты компаниялардың қабырғасын сөгетіндей көп емес екенін естіп білдік. Демек, «Потенциал Ойл» секілді мұнай өндіруші компаниялар жергілікті жерлерде ойына келгенін жасап, отырықшы халықтың талабымен санаспай, өздеріне қажетті кенді өндіре береді екен, егер алда-жалда эколог мамандар тексеріс ұйымдастырып, өрескел заңбұзушылықтар тапса да, сот шешімімен азын-аулақ айыппұлдарын төлеп тастап, ойға алған істерін одан әрмен жалғастыра беретін болып тұр-ау. Бұл жерде тентекті тезге салып, тез арада арынын басатын қолданыстағы заңымыздың солқылдақтығы жанға батады.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521