Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына басымдық беруі ветеринария саласының тамырына да қан жүгіртті. «Медицина адамды, ал мал дәрігері адамзатты емдейді» дегендей, таңертеңгі тірлігі алдымен қора жайынан басталатын ауылдағы ағайын үшін мал дәрігерінің орны бөлек. Солардың бірі – туған жерінде еңбек жолын бастаған өрліктік Қаменев Нұрхат Нұрмұқанұлы.
Ол 2002 жылы Өрлік ауылында дүниеге келіп, 2008-2017 жылдары Қ.Абаханов атындағы орта мектепте білім алды. 9 сыныпты аяқтаған соң Атырау қаласындағы Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы техникалық колледжіне ветеринар мамандығына оқуға түсіп, 2021 жылы оқуды бітіреді. 2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін мамандық бойынша оқуын аяқтады. 2023 жылы еңбек жолын Өрлік ауылындағы ветеринария мекемесінен бастады.
– Осы мамандықты таңдауыма себеп болған марқұм (Нұрмұқан Ахметов) әкемнің арманын жалғау еді. Әрине, бұл мамандықтың өзіндік қиыншылығы бар. Атап айтсақ, жануарлардың денсаулығын сақтау, ауруларын анықтау және алдын алудың рөлі зор. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы барлық жағдаймен қамтылдым. Жас маман ретінде халыққа қызмет көрсету мақсатында онлайн оқуға қатысып тұрамын. Ауылда ветеринар маман ретінде жұқпалы аурулардың алдын алу, қан алу, егу, малға белгі (сырға) салу секілді қызметтерді атқарамын. Алдағы уақытта адам мен жан-жануарларға ортақ қауіпті аурулардың алдын алуға үлес қосу – басты мақсатым, – дейді ол.
Нұрхат Нұрмұқанұлы қызмет барысында қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, жылдың қай мезгілінде болмасын төрт түлікті емдеп қана қоймайды, аурудың алдын алу үшін екпе салып, қан талдауын алады.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
Индер ауданы


