Өңірде жекеменшік балабақшалар мен мектептерді қаржыландыруға, «Артспорт» бағдарламасына, гранттарға және басқа да бағыттарға бөлінген қаражатқа кешенді талдау жасалды.
Нәтижесінде, тиімсіз шығыстар анықталып, шамамен 100 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаражат өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен аз қамтылған отбасыларды қолдау сияқты басым міндеттерге бағытталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл тәжірибені елдің басқа өңірлерінде де қолдануға болатынын айтты. Семинарға қатысушылар Қызылорда облысының үздік тәжірибелерін жергілікті бюджет ерекшеліктері мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін ескере отырып бейімдеуге дайын екенін білдірді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова орталық мемлекеттік органдардың әлеуметтік шығыстарын оңтайландырудағы нақты шаралар мен тәжірибесімен бөлісті.
«Әлеуметтік сала әрқашан мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі болды және солай қала береді. Соңғы жылдары әлеуметтік шығыстар көлемі едәуір артты, әрі қарай да олардың өсу қарқынын сақтау жоспарлануда. Алайда тек қаржыландыруды сақтау жеткіліксіз, әрбір мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігін арттыру маңызды. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қорғау жүйесін әділеттірек әрі тиімдірек ету. 2024 жылы әлеуметтік салаға 6,1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл қаражат барынша нәтижелі жұмыс істеп, шынымен қиын жағдайдағы отбасыларға көмек боп жетуі тиіс», – деді Светлана Жақыпова.
Семинар қорытындысында қатысушыларға халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, әсіресе конституциялық тұрғыдан кепілдік берілген әлеуметтік төлемдердің өзгермейтіні және бюджет қаражатының әділ бөлінуі туралы ақпаратты жеткізу тапсырылды.
Өз кезегінде Үкімет әлеуметтік шығыстардың атаулылығын және ашықтығын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Қызылордада өткен республикалық семинарда айтылған барлық ұсыныстар мен ұсынымдар ұлттық бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу кезінде ескеріліп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына енгізілетін болады. Басты міндет – әрбір бюджет теңгесін халық мүддесіне тиімді пайдалану.
📱 @KZgovernment