Қазақ «Тоғыс» деп атаған Ай мен Үркердiң қиылысып өтер кезеңі наурыз айының 14-і мен 15-і күндерi.
Наурыздың 14-інен енетін «Көрісу» дәстүрін қазақ ынтымақ пен бірлікке, имандылыққа бастаушы ретінде бағалап келген.
Этнограф ғалым Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл, яғни көрісу 22 наурызда тойланып жүрген мейрамның негізгі мерекесі саналады. "Дәстүрдің көкесі - осы. 1918 жылы Григориан күнтізбесіне өткенде қазақтың ай есебі шатасып кеткен, яғни күн күнтізбесімен шатасып кеткен. Ал қазақтың ай, күн есебі ай күнтізбесімен жүрген. "Ай жаңасы", "ай толған" деп есептеуді үлкен кісілер әлі біледі. Енді мынаны түсініп алайық, 22 наурызда тойлайтын Наурызымыз күн күнтізбесімен есептелген отырықшы халықтардың мейрамы болса, Көрісу - қазақтың атам заманнан келе жатқан ай күнтізбесімен есептелгендегі нағыз көшпелі халықтардың Наурызы. Сондықтан бұл - өзіміздің ежелгі төл мерекеміз" дейді ғалым. Ғалымның пікірінше, бұл күні кішілер жағы әулеттің үлкендеріне барып, сәлем бере көрісіп, "жас құтты болсын" деп амандасуы көшпелілердің туған күн тойламайтынын да айғақтайды. Бәрі жасына жас қосқандықтан, осы күні ғана "жас құтты болсын" деген тілек айтады. Осыдан-ақ, көшпелілерде жеке адамның туған күнін тойлау дегеннің болмағанын аңдаймыз деген ой түйеді ол.
- 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік атып, көкек құйқылжыта ән салып, күн мен түннің теңесуі тойланатын. Шығу төркіні тереңде жатқан айтулы күн алаш баласына етене жақын. Адамдар жуынып, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң атысымен әр үй ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, көрісе келген адамды қабақ шытпай, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, үйіндегі мол дастарханға шақыратын.
Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайтын, ешкім ұйықтап жатпайтын. Көрісуге келгендердің сыбағасы деп кейбір үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, жеті түрлі дәм қосып, наурыз көже дайындап қоятын. Әрбір отбасы жеті шелпегін пісіріп, иіс шығарып, бауырсағын дайындайтын,-деп отыратын үлкендерді де көре қалдық. Алды әлдеқашан бақилық болған, соңының өзі сексенді алқымдап-ақ қалған сол ақсақалдарымыз шыбықты ат қып мініп жүрген кездеріндегі көрісу қуанышын жыр етіп айтып отыратыны қазір де оймызда тұр. Бұл дәстүрдің жақсылығын шынайы сезінген еліміздегі басқа ұлт өкілдері де сол күні бір-біріне жақсы тілек тілесіп, бұл мерекені қазақпен бірге тойлауға қалыптасып қалғанын да жоққа шығаруға болмайды. Осының өзінен-ақ ынтымақты ту еткен, имандылыққа ұйытқан, бірлікке бастаушы Көрісудің салмағы қаншалықты екенін біле беруге болар еді.
Иә, Көрісу күні – үлкен мен кішінің арасында сыйластық пен сыпайылық орнататын, имандылыққа негіз қалаған мереке. Ізгілікке толы осынау күні адамдар ескі өкпе-реніштерін кешіріп, татуласа табысады, араздық ұмытылады. Көрісу бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғаса беруі де оның жақсылығы әрі ерекшелігі.
Қорыта келгенде, Көрісу күні - қазақты ынтымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр. Негізгі шарттары - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау, бір сөзбен айтқанда, ізгіліктің бастауы. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу – Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттері. Ол, тіпті, осы сәтте суықтық пен жылылықтың алмасуы, ізгілікті үміттердің жалғасуы екені де анық сезіле түседі. Ендеше, бір жасыңызбен, ағайын! Ынтымақ-бірлігіміз арта бергей!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР
Сурет: ашық дереккөзден