Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіндегі "Мақсатым - экономиканы және егемендікті нығайту" атты сұхбатын мұқият оқып шықтым.
Әсіресе маған Президентіміздің Әділетті Қазақстанды құру туралы әңгімесі ерекше ұнады.
Шынында да қазір Әділетті Қазақстанды құру жөнінде ел арасында қым-қиғаш түрлі әңгімелер айтылып жүр. Бұған Мемлекет басшысы былай деп жауап берген екен. -Әділеттілік бәрін бірдей теңестіру деген сөз емес. Әділетті мемлекет дегеніміз -құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып,, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам ( 4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып отыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе,- деген сөзі көпшіліктің көкейінен шыққаны сөзсіз. Президентіміздің осы сөзінен ұққанымыз егер біз өркениетті құқықтық мемлекет қатарына қосылғымыз келсе, онда әрбір қазақстандық заң алдында бәрі бірдей жауапты болуға тиіс. Өйткені заң үстемдігі бар елде ғана мемлекет гүлденіп дамиды.Осыны әрбір қазақстандық тұрғын терең түсіне білуіміз керек.
Мырзажан БАЛПАНОВ,
Жанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы,
ауданның Құрметті азаматы