Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Конституцияның 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Мерейтой қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев өткенге көз жүгіртіп, Ата заңның жүріп өткен жолын сараптап, тарихи белестерге жеке тоқталды. Сонымен қатар халқымыз үшін аса маңызды іргелі шешімдер қалай қабылданғаны жөнінде жаңаша қырынан тарқатып айтып берді. Президенттің бүгінгі сөйлеген сөзінің ерекшелігі – тың ойлар мен тың деректер көп айтылды.
Елдік дәстүріміздің тамыры тереңнен бастау алады. Дала заңы мен хандарымыз тасқа қашап кеткен заңдар жинағы осыдан тура отыз жыл бұрын қабылданған Ата заңымызбен біте-қайнасып жатыр. Мемлекет басшысы бүгінгі сөзін осыдан бастады.
Шын мәнінде, Конституция – елдігіміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің басты құжаты. Президент айтқандай: «Ата заңнан биік ештеңе жоқ». Ел егемендігін айшықтайтын, мемлекеттің басты қағидаттарын айқындайтын, құқықтық жүйесін қалыптастыратын, заң мен тәртіпті нығайтатын – негізгі нормалардың жиынтығы.
Әрине, Конституцияға әр жылдары әртүрлі өзгерістер енгізілгені белгілі. Ол – заман қажеттілігінен туындаған түзетулер. Бірақ солардың қатарында 2022 жылғы толықтырулардың орны бөлек. Конституцияның үштен бір бөлігі жаңарып, еліміздің саяси өміріне түпкілікті өзгерістер алып келді. Мемлекет басшысы сол күрделі кезеңде Ата заңды түгелдей дерлік өзгерту жөнінде де ұсыныстар болғанын айтты. Дегенмен Президент реформалаумен шектеліп, 1995 жылы қабылданған Конституциясының негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдады.
Сол тарихи өзгерістер халықтың талап-тілегінен туындап, ел-жұрттың тікелей атсалысуымен, олардың ой-пікірі мен көзқарасын ескере отырып, алғаш рет референдум арқылы бекітілді. Бұл – ел болашағына қатысты мәселелердің бәрі халықтың қатысуымен шешіледі деген қағидаттың іс жүзінде орындалуының көрінісі және осы қағидат біздің қоғамда берік орнығып келеді.
Жалпы, 2022 жылғы конституциялық реформалар мемлекеттік құрылымға елеулі өзгеріс әкеліп, бетбұрыс кезеңіне айналды. Суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, президенттік басқару формасына көштік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы билік тармақтарының тиімділігін арттырып, жауапкершілігін күшейте түсті. Мемлекет басшысының жеті жылға бір-ақ рет сайлануы тек біздің өңірде емес, жалпы әлемде бұрын-соңды болмаған құбылысқа айналды. Ал оның жақын туыстарының жоғары лауазымды қызметтер атқаруына тыйым салынуын халық ерекше ықыласпен қабылдады. Сөйтіп, биліктің бір қолға шоғырлануына түбегейлі тосқауыл қойылды.
Осы конституциялық реформалардың нәтижесінде билік тармақтары түгел жаңғырды. Президент, Сенат пен Мәжіліс, мәслихаттар сайлауы өтті. Ауыл, аудан әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асуда. Саяси партияларды тіркеу ережелері едәуір жеңілдеп, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Осылайша, билікке әртүрлі көзқарастағы саяси ұйымдар мен адамдар келді.
«Біздің қазіргі Конституциямыз – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата заң. Біз бір ел болып қолға алған реформалар Конституциямыздың жасампаз рухын күшейте түсті. Бұл кезең еліміздің тарихында түбегейлі жаңғыру кезеңі болып қалары анық». Осы мүдде, осы жолда бәріміз бір кісідей жұмыла әрекет етуге тиіспіз.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы