Заң мен тәртіп – әділеттің басты кепілі

Votes

Адамзат баласы әлмисақтан бері әділет іздеп келе жатқаны анық. «Әділет жоқ» деп кей-кейде налитынымыз да бар. Әркімнің өз ақиқаты барын ескерсек, тұтас қоғам мен мемлекеттің әділ болуы – аса маңызды мәселе. Бұл ретте біздің қоғамның әділетке зәру екені белгілі. Осыны терең сезінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына ұстаған кезінде «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз» деп мәлімдеді. Содан бері елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен тың әрі жаңа өзгеріс серпілісі басталды.

Президент Жол­дауын­­да халықтың құқық­­тық мәдениеті артып, қоғамда оң өзгерістер байқалып келе жатқанын атап өтті. «Қа­зақ­стан халқы қазір мүл­де жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқым­ды реформалар жасал­ды. Еліміздің саяси жүйесі түбе­гей­лі өзгерді. Жұрт­тың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқық­тық мәдениеті артып келеді. Аза­мат­тардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр», деді Қ.Тоқаев.

Әділетті Қазақстан орнық­ты­ру­дың басты ұраны да, құралы да заң мен тәртіп болуы керек. Бұл, әсіресе бүгінде түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасы ушыға түсіп, кейде жеке адамның ар-намысын аяқасты ететін, кейде Құдайға да, Құранға да қарсы шығып, ата салтты мансұқтап, үлкен­дер­­дің айтқанына құлақ асудан да қалып бара жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының осы үш қағидасы, яғни заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм барлық отандасымызды ортақ мүдде мен мақсатқа жұмылдыратын басты идеологиясы болуға тиіс.

Осы орайда Мемлекет бас­шы­­сының ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мән бергені, «Банк­тер туралы» жаңа заң керек екенін алға тартқаны бекер емес. Қазір халық банк­терге сене бермейді. Тіпті банктерді «халықты ашықтан ашық тонау­шы» ретінде санау көзқарасы да жоқ емес. «Банк­тер туралы» жаңа заң ендігі арада қарапайым халыққа түсінікті боларлықтай етіп жазылуы керек. «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банк­тер санатына қосады» деген Мемлекет басшысының бірауыз сөзі үлкен ойға же­те­лейді. Қазақ банктері әлем бойынша ең көп пайда та­батын банктер санатында болса, онда еліміздегі банк­тер беретін несиенің па­­йыздық мөлшерлемесі неге ұдайы жоғары болып ке­­ле­ді? Қарапайым халықтың банктерде сақтап отырған қаржысына төлентетін үсте­менің пайыздық мөлшері неге төмен? Осы екі мәселе банктер халық мүддесінен гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтынын аңғартса керек. Сосын «банктік құпия» деген желеумен отан­дық банк­тер қызметі, табысы жөнін­дегі ақпараттарды жариялай бермейді. Біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, банктердің де ашықтығын жолға қою керек. Кейде осы банктердің қызметіндегі ашықтықтың жоқты­ғынан да болар, еліміз бойынша жыл сайын өте көп мөлшерде қаржы шетелдерге заңсыз шыға­рылып келді. Міне, қоғамды толғандыратын осы мәселелер банктер туралы әзірленетін жаңа заңда айқын көрініс табуы қажет.

Әлеуметтік тұрғыдан осал аза­­маттарға қолдау көр­се­ту – өте маңызды міндет. Пре­­­зи­дентіміз «Мемле­кет­тік қолдау шын мә­нінде мұқ­таж адамдарға көрсе­тілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деді. Бұл ретте мемле­кет тарапынан әлеу­мет­тік шығыстардың біртін­деп ұлғайтылып жатқаны да – ақиқат. Қазіргі уақытта бюд­жет­тің жартысынан көбі әлеу­меттік салаға жұмсалуы, бала­лы отба­сы­­ларды қолдау үшін сәби күті­міне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылуы, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жат­қаны жақсы. Әсіресе «Ұлт­тық қор – балаларға» ауқымды жобасының іске қо­сы­­­лып, 7 миллион баланың есеп­­шотына Ұлттық қордың табы­­­сынан жалпы сомасы 300 млрд-тан аса теңгенің ауда­рыл­­­­уы – Жаңа Қазақ­­станның бір жақсылығы.

Дегенмен қазір қоғамда ма­сылдық пиғылдың етек алып бара жатқаны алаңдатады. «Бізде шын мәнінде әлі де болса, әлеу­­меттік қол­дауға мүлде мұқтаж емес ауқат­ты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес» деген Пре­зидент сөзінің төркінін түсін­сек, әлеу­мет­тік көмек пен түрлі қайы­­рымдылық қор­ла­ры­на қол жайып отыратын «мұқтаждар» аз емес.

Әрине, қайырымдылық керек. Бірақ қайырым­дылық жасауды да әсіре нау­қан­шылдыққа айнал­ды­ру­дың пайдасынан зияны басымдау түсіп жатқандай. Тіпті осы қайырымдылықты желеу етіп, жеке-дара қорлар ашып алып, қаржылай көмек сұрап жататындар көбейіп барады. Кейбіреулерге қайы­рымдылық қорларын бас­қару мансап әрі өз күнін күйттеудің бірі амалы болып отырғандай. Ендігі арада қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігі орын алсын десек, осы қайырымдылық та заң аясында ғана жасалуына мән берілуі керек. Мемлекет басшысының алдағы жылдың басынан бастап Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру жөнінде беріп отырған тапсырмасын орындау кезінде осы жағдай қатты ескеріл­гені абзал.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі болға­нымен, жеріміздің 5 пайызын ғана орман-тоғай алып жатқанын баса айтты. Табиғаттың әралуандығын сақтау мақсатында орман алқаптарын көбейту елі­міздің тұрақты әлеуметтік-эконо­микалық дамуы үшін өте маңызды. Адам баласы табиғат пен қоршаған орта алдындағы өз жауапкершілігін саналы түрде толықтай сезіне алуға тиіс. Кейде «Табиғатты қорғайық, сақтайық!» деп орман алқаптарының маңына бадырайтып осы ұранды жазып қоятынымыз бар. Сондайда табиғатты кімнен қорғау керек, кім сақтауы керек сауалдың да ойға оралатыны бар. Сол даламыз бен орман-тоғайымызды мекендеген аңдар мен ұшқан құстар өз ортасына залал келтіріп жатпаған болар. Ақиқатында, табиғатты да, айнала қоршаған ортаны да ластап жатқандар – біз, адамдармыз. Бұл орайда табиғатты сақтауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ма­ңызы орасан. Президентіміз мұның тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама екенін, «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысқанын ерекше атап өтті. Осылайша, табиғатты тазарту арқылы өз жан дүниесін бірге тазартып жатқан азаматтардың ізгі, адалдық пен әділдікке ұмтылған кей­пін тануымыз керек.

«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масын ұсынғалы бес жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құры­лым­дары арасын­дағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық» деген Қ.Тоқаев­тың мемлекеттік бас­қа­ру ісінің тиім­ділігін барынша арттыру жөнін­дегі тұжырымы мемлекет пен қо­ғам арасындағы диалогті одан әрі жаңа сапалы деңгейге шығарудағы маңызы зор. Бұл ретте әкімдерді тіке­лей сайлау жүйесін ен­гізу талабы жүзеге асырыла бас­тағаны еліміздегі саяси жүйенің жетіле түсуіне оң ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізіліп, содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланыпты.

«Келесі жылдан бас­тап жаңа жүйеге біржола кө­ше­­міз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қала­лар­дың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бірреттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», деп Президентіміз әкімдерді ха­лықтың өзі сайлауы саяси әдіс­тің біріне айналатынын қуат­тай түсті.

Алайда осы арада біз­дің қоғамның әлі де болса бұ­рынғы билік партиясы қалып­тас­тырып кеткен үр­діске сенім­сіздікпен қарайтыны жасырын емес. Біздіңше, «Amanat» демократиялық жолдан таймауы керек. Мыса­лы, кез келген дең­гейдегі әкім­дік сайлауында тек осы партияның өкілі ғана жеңіске жетуі керек деген түсінік дұрыс емес. Тіпті кей жағдайда «Amanat» мүшесі әкімдікке өтпей қалып, басқа партиялардың өкілдері сайланып кетіп жатса, бұдан қауіп пен қатер көрудің, бұған кінәліні іздеу, жазалау үрдісінен мүлдем арылуға тиіспіз.

«Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жай­лы елге айналдыру» дей келіп Президент цифр­лық техно­ло­гиялардың жаппай енуінен көбе­йіп бара жатқан түрлі алаяқ­тықты түп-тамырымен жоюды, түрлі экстремистердің, оның ішінде діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қарсы тұрар заң мен тәртіптің қатаң сақталуын қам­тамасыз етуді, азаматтардың қауіпсіздігін барынша күшейтуді құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге жүктеді. Құзырлы ор­ган­дардың бәрі заңға бағы­на­тын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа, сол сияқты басқа да заңсыз әре­кет­терге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс екені нақты айтылды. Пре­зидент сөзімен айтсақ, біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT