Қазақ «білмеген жердің ой-шұқыры көп» дейді. Атом энергетикасына байланысты да бұқараның көрген-білгенінен, білмейтіні көп болса керек. Өйткені АЭС салу экономикалық тұрғыда тиімді, энергетикалық тәуелсіздікке бастайтын жоба болғанымен, бұқараның көкейінде сансыз сауал бар екені қоғамдық талқылаулар кезінде бірден көзге түсті.
Ұзақ жылдар бойы бейбіт атомның игілігін емес, ядролық қару сынағының зардабын тартқан қазақ халқының АЭС-ке күдікпен қарайтыны да заңдылық. Ал ғалымдар мен мамандардың бұқара санасындағы күдікті сейілткені керек. Әйтпесе, жаһанның дамыған елдері игілігін көріп отырған саладан бізге үлес тимей қалуы бек мүмкін. Сол себепті Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, ядролық физика бойынша PhD Нұрлан Амангелдіұлымен сұхбаттасып, көңілдегі күдіктерге қатысты сауалдарымызды қойған едік.
– Нұрлан Амангелдіұлы, қазір Қазақстанда АЭС салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Күзде референдум өтеді. Біздің пайымдауымызша, бұқара іштей кейбір мәселеден қауіптенетін сияқты. Ел-жұртты қандай мәселе үркітіп отыр?
– Меніңше, бұл мәселеде бұқараның санасында бірнеше бағыттағы үрей бар сияқты. Атом зардабын тартқан халық ретінде ол да орынды деп білемін. Өз басым бұқараның іштей сескенуіне себеп болып отырған бірнеше оқиға бар деп ойлаймын. Біріншісі – Семей полигоны. Иә, 1949 жылдан 1991 жылға дейін Семей полигонының зардабын тарттық. Радиацияның тарттырған азабы аз емес. Екіншісі – Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыс. 31 жыл өтсе де ол оқиғаның жаңғырығы санадан өшкен жоқ. Үшіншісі – 2011 жылы 11 наурызда Жапонияда қатты жер сілкінісінен соң теңізден келген жойқын цунами әсерінен Фукусима-1 атом электр стансасында апат болды. Ол да АЭС құрылысына байланысты бұқара санасында қорқыныштың ұялауына әсер еткен факторлардың бірі. Ел ішінде радиацияның кесірінен дертке шалдыққандар бар. Әсіресе, Семей өңірінің тұрғындары мен Чернобыль апатының зардабын жоюшылар арасында сәулеленудің салдарынан сырқатқа ұшырағандар аз емес. Медиа Фукусимадағы жарылыс жайлы да аз жазған жоқ. Мұның барлығы азаматтардың санасына қорқыныш болып ұялап қалды. Сол себепті АЭС десе өре түрегелетін отандастарымыз аз емес. Енді апаттардың себептеріне келсек, Чернобыль АЭС-ындағы реакторлар бірінші буын реакторларға жатпайды, бірақ олар алғашқы буын реакторларының негізінде жасалған. Чернобыль АЭС-ы «РБМК-1000» типіндегі реакторларды қолданған. РБМК деген атау «реактор большой мощности канальный» дегенді білдіреді, ал 1000 дегені – бұл реактордың энергия шығару қуаты (мегаваттпен өлшенеді). Фукусимадағы апатқа қуатты жер сілкінісі әсер еткенін білеміз. Зілзала салдарынан цунами көтерілді де, реакторды су басып қалды. Мамандар судың тереңдігі 15 метр болғанын айтады. Соның салдарынан реакторға барып тұрған электр желісі үзілді. Сөйтіп, апатты жағдайда реакторды тоқтатуға тиіс бор діңгектерді іске қосатын құрылғылар істемей қалды. Салдарынан жарылыс болды, оны бәріміз білеміз. Жапондар стансада жарылыс болғанмен тікелей адам шығыны болған жоқ дейді. Ал стансадағы апатқа себеп болған зілзала қуаты 9 балл еді.
Өз басым 2017 жылы Фукусимада болдым. Жапондар стансадан 50-60 шақырым радиустағы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын көшіріп жіберген. Көлігі, үйі, баланың ойыншығы, өзге керек-жарақ дейсіз бе бәрін тастатқызған. Сол төңірек «өлі қала» сияқты. Чернобыльдағы апаттан соң Припять қаласы да солай болды ғой. Фукусима төңірегі тура сондай. Бірақ бізді Фукусиманың ішіне дейін кіргізді. Әрқайсымызға радиация өлшейтін аспаптар берді. Стансаны аралаған кезде сол аспаптар радиациялық фонды өлшеп тұрды. Содан қалай болды дейсіз ғой, құрылғылар стансадағы радиация 0,1 миллизиберт екенін көрсетіп тұрды. Яғни 0,1 миллизиверт (мЗв) — бұл радиация деңгейін өлшеу үшін қолданылатын бірлік, әрі өте төмен деңгейдегі радиацияны білдіреді. Ал АЭС-реакторларда жұмыс істейтін адамға сәулеленудің рұқсат етілген жылдық максималды нормасы – 5-20мЗв. Кейін 2019 жылы стансаға барған шетелдік мамандар онда жұмыс істеп жатқан адамдардың қабылдап жатқан радиациясы жылына 2,67 мЗв екенін жазды. Мұны неге айтып отырғанымның себебін білесіз бе? Айтайын. Сөз басында айтқан Чернобыль АЭС-індегі реактор І буынның сәл өзгертілген түрі болатын. Қазіргілер ІІІ және ІІІ+ буынына кіреді. Әрі ғалымдар АЭС терді қауіпсіз етудің жолдарын жыл өткен сайын жетілдіріп келеді. Фукусимадағы апат та АЭС-терді қауіпсіздігін арттыруға ықпал етті. Қайғылы болса да, ол тәжірибе еді. Өкінішке қарай, бұқара атом энергетикасы саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерді, жаңалықтарды біле бермейді. АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетін болған соң ғана қызыға бастады. Дегенмен халықтың көп бөлігі АЭС-тен қауіптенуге біз атап өткен екі стансадағы жарылыс пен Семей полигонының зардабымен салыстырады. Яғни, дұрыс түсінбей қалып жатыр. АЭС-тер мәселесін айттық. Ал Семей және тағы басқа жерлердегі полигондарға келсек, ол АЭС емес, кәдімгі ядролық қарудың сынағы. Әскери мақсаттағы дүние. Ол мүлдем басқа бағыт. Бейбіт атом емес. Ал қазіргі реакторлар мейілінше жетілдіріліп жатыр. Құрылғылардың жетілдіріліп келе жатқанына 60 жылдай уақыт болды. Қауіпсіздік мәселесіне өте жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. Осы жылдар ішінде бұл технология үшінші буынға көтерілді. Тіпті, ІІІ+ буын дегенміз қауіпсіздік денгейі жоғары деп есептеледі.
Қазір жаһанда 415 атом реакторы жұмыс істеп тұр. АҚШ-та 94 реактор, Францияда 56 реактор бар. Қытайда 54 реактор болса, оған қосымша тағы 26 реактор салынып жатыр. Біраз жылдан соң Қытай АҚШ-ты басып озады. Ресейде 33 реактор бар. Ұлыбританияда 9 реактор жұмыс істеп тұр. Жақын жылдарда тағы 2 АЭС құрылысы аяқталады. Одан бөлек, 2050 жылға дейін бұл ел АЭС-тер қуатын 24 гигаваттқа жеткізуді көздеп отыр. Бұл дегеніңіз – ширек ғасырда Ұлыбритания ядролық энергетика көлемін 4 есе өсіруді көздейді деген сөз. Түркия да АЭС салып жатыр. Сауд Арабиясы да АЭС салуды көздеп отыр. Қысқасы, әлемнің көптеген елі АЭС арқылы энергия тапшылығын жоюды көздейді. Сондықтан бұл трендтен біздің де қалыспағанымыз жөн. Әрі АЭС-тер «жасыл энергетика» деп саналады. Яғни, қоршаған ортаға зияны жоқ технология болып есептеледі. Ғалымдар ядролық энергетиканы күн, жел, гидроэнергетикамен қатар зиянсыз қуат көздерінің қатарына қосқан. Өйткені жоғарыда мен атап өткен 415 реактордың 307-сі – жаңа буын реакторлар. Әрі оларда апат болу ықтималдығы өте төмен. Кейбір есеп-қисапқа қарағанда ондай реакторларда апат болу ықтималдығы 10 млн жылда бір рет кездесуі мүмкін. Оның үстіне АЭС құрылысына арналған қаржының 40%-ы қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологияларына жұмсалады.
Жалпы, халық қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды ғой. Оны дұрыс түсінеміз. Дегенмен адамзат үшін азық-түлік және әскери қауіпсіздік қазір алдыңғы қатарға шықты. Қазақстанда да солай. Ал азық-түлік пен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін энергияға мұқтажбыз. Наубайханада нан пісіру, диірменде ұн тарту, өзге де азық-түлік өндіру тікелей энергияны қажет ететін істер. Әскери сала онсыз да энергияға мұқтаж. Айталық, радарлар, әуежайлар, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің нысандары – қысқасы, бәрі электр қуатын пайдаланады. Елді дамытатын кез келген сала энергияға мұқтаж. Тіпті, қалтадағы смартфонға да қуат керек. Сондықтан қазірден бастап қуат тапшылығын болдырмау жағын ойламасақ, дамуымыз қиын. Ал біздегі ЖЭО-лар, балама қуат көздері қажеттілікті толық өтемейді. Сондықтан маман ретіне АЭС салу дұрыс деп санаймын.
Осы тұста АЭС салу энергияға мұқтаждықты жоятын жалғыз бағыт ретінде қарастырылмайтынын да ескеру керек. АЭС-тен бөлек күн, жел, гидроэнергетика бағыты да дами береді. Тіпті, жаңа ЖЭО-лар да салынады. Қателеспесем, Көкшетау, Семей мен Өскеменде салынуға тиіс. Одан бөлек күн, жел, гидроэнергетика нысандары да салына береді. Өйткені АЭС бізге қажет энергияның барлығын өндіре алмайды. Бірақ оның күн мен жел энергетикасынан бір артықшылығы бар. Ол электр қуатын 24 сағат тұрақты беріп тұрады. Ал күн, жел энергиясын беретін қондырғылар табиғатқа, яғни ауа райына байланысты тұрақты электр энергия бере алмайды. Сондықтан АЭС салу мәселесін дұрыс түсінген жөн.
– Әңгімені бұқараның көңіліндегі күдіктен бастадық қой. Сондай күдіктің бірі мамандарға қатысты айтылып жатыр. АЭС құрылысына, одан кейін оны жұмыс істетуге маманымыз бар ма бізде?
– Қазіргі есеп-қисапқа қарасақ АЭС құрылысы кезінде 20 мың адам жұмыс істейді екен. Ал құрылыс біткен соң 2 мың маман қызмет етеді. Осы 2 мың адамның 400-і ядролық физика мамандары болады. Әу баста айтылған 20 мың адам АЭС құрылысы аяқталғанша он жылға жуық жұмыс істеп, нәпақа табатынын былай қойғанда, нақты атом электр стансада еңбек ететін 400 ядролық физика маманы қажет болса, оңдай мамандар бізде бар. Өйткені біз бұл саланың мамандарын даярлауды бастап кеткенбіз. Қазақстанда 4 жерде ядролық физика мамандары даярланады. Астанада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да, Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Өскемен мен Семейде осы сала маманы даярланады. Шетелден оқыған мамандар да бар. Өз басым сол Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да қауымдастырылған профессор болып қызмет істеймін. Ядролық физика тақырыбында ғылыми еңбек қорғадық. Біздің оқу орындарымыз қазірдің өзінде ядролық физикаға маманданған 1200-ден астам студентті университет қабырғасынан түлетіп ұшырды. Одан бөлек, елімізде бұрыннан жұмыс істеп тұрған, зерттеу мақсатына арналған бірнеше реакторда жұмыс істеп жүрген мамандар бар. Алматы қаласы жанында 1957 жылы іске қосылған реактор жұмыс істеп тұр. Ядролық физика институтында 1 реактор бар. Курчатов қаласында 2 реактор бар. Онда да мамандар жұмыс істеп жатыр. Сондықтан дәл ядролық физика мамандарынан тапшылық көре қоймаймыз. Қажет болса АЭС-ті салатын елмен маман мәселесінде қосымша келіссөз жасап, кадр даярлауға болады деп ойлаймын. Ал станса құрылысына тартуға болатын білікті инженерлерден тапшылық көрмеуге тиіспіз. Айталық, қазір Түркияда салынып жатқан Аккую АЭС-інің құрылысына 1200-ден астам қазақстандық маман қатысып жатыр. Әрине, олар – ядролық физика емес, көбі құрылыс саласының мамандары. Бірақ олар да станса құрылысы кезінде елімізге келіп, өз тәжірибесін жастарға үйретуі мүмкін.
– АЭС-тің Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылына салыну ықтималдығы да бұқараны алаңдатқан мәселелердің бірі ғой. Станса салынса Балқаштың суы тартылып кетеді дейтін үрей бар. АЭС реакторлары шынымен миллиондаған текше метр су пайдалана ма?
– Негізі АЭС салынатын жер ұзақ уақыт зерттеледі. Геофизикалық жағдайынан бастап, су көзіне жақындығына дейінгі мәселелерді ғалымдар зерделейді. Қазақстанда да «Болашақта АЭС салына қалса қандай өңір таңдалған дұрыс?» деген сауал ғалымдар арасында көп талқыланған. Тиісті мамандар зерттеген. Ғалымдар екі нұсқаны таңдаған еді. Курчатов қаласы мен Үлкен ауылына АЭС салуға болатыны жайлы уәжге тоқталған. Түрлі зерттеу де жасалған. Оның үстіне Үлкен ауылында ертеректе ГРЭС (мемлекеттік аудандық электрстансасы) салуға даярлық жасалғаны бар. Бірақ КСРО ыдыраған соң, бұл жоба аяқсыз қалды. Оның үстіне сол өңірден теріскей мен түстікті жалғайтын 500 киловольттық тармақталған желі өтеді. «ГРЭС 500 оңтүстік» қосалқы стансасы бар. Бәлкім сондан да шығар электр желісіне жауапты мамандар Үлкен ауылын АЭС салуға қолайлы орындардың бірі ретінде атады. Ядролық физиктер елді мекеннің су көзіне жақын екенін ескереміз. Ал халық сол өңірде АЭС салынса Балқаш тартылып қалады немесе суы ластанады деп қауіптенеді. Мұнда да түсінбеушілік бар. Өйткені АЭС реакторларына жұмсалатын судың белгілі бір мөлшері болады. Миллиардтаған немесе миллиондаған текше метр су қажет емес оған. Қарапайым түрде түсіндірсем, екі контурлы реакторға екі футбол алаңындай бассейнді толтыруға кететіндей су қажет. Ең бастысы, реакторға пайдаланылған су қайтадан көлге құйылмайды. Екі контурлы реактордан су біреуінен екіншісіне өтеді, буланады, конденсацияланды, сөйтіп қайта қолданылады. Әрине, ара-тұра су қосылады, бірақ көп емес. Онда тұйық процесс болады. Су сыртқа шықпайды. Жерасты суына да қосылмайды. Станса мен оның төңірегін экологтар, ядролық және геофизика мамандары, өзге кадрлар ұдайы бақылауда ұстайды. МАГАТЭ-нің де тексерістері болып тұрады. Өйткені ядролық қауіпсіздік бір елдің мәселесі емес. Әлем елдеріне ортақ мәселе. Сондықтан оны халықаралық ұйымдар да назардан тыс қалдырмайды.