Қоғам тыныштығын сақтау аса жауапты міндет. Бұл істің артында әр күнін халықтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға арнаған жандардың еңбегі жатыр. Солардың бірі - Жылыой ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Азамат Маратұлы Қаламбаев. Азамат Қаламбаев - Атырау облысы Қызылқоға ауданының тумасы. Ол 2010 жылы ішкі істер органдары қатарына қабылданды. Содан бері 15 жылға жуық уақыт бойы ол азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда инспекторға бекітілген аумақта 2000-ға жуық тұрғын бар.
Полиция қызметіне деген қызығушылық бала кезінен қалыптасқан. Бұған себеп- тәртіп сақшысы болған жақын туысы. Сол бала күнгі арманы оны Б. Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжіне, кейін Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне жетеледі. Азамат кәсіби міндетін мінсіз атқарғаны үшін 2020 жылы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «Мінсіз қызметі үшін» грамотасын алды. Бұл марапат - оның жауапкершілігі мен адалдығының айғағы. Бүгінде ол отбасылы, әрі төрт баланың әкесі. Сондай-ақ спортқа, әсіресе футбол мен жеңіл атлетикаға қызығады.
“Мен үшін қоғамдық тәртіпті қадағалау - табандылық пен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Мақсатым - осы миссияны әрі қарай абыроймен атқару”, – дейді ол.
Өз ісіне адалдығымен және қарапайым болмысымен ерекшеленетін Азамат Қаламбаев - қызметтік борышты абыроймен атқарып келеді.