Бүгін Алматы қаласының төрінен ақжолтай хабар жетті. Ауыл жастарының әлеуетін көтеруді көздеген «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан ауылдарының үздік жастары» атты республикалық байқау өткізілген.
Аталмыш іс-шараның мақсаты, Президенттіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген қолдауының аясында, елімізге еңбегі сіңген ауыл жастарының жұмысын бағалай отырып, үздіктерді анықтау еді.
Бұл байқаудан біздің Исатай аудан жастары да қалыс қалмай, марапат иелері атанды.Атап айтсақ, олар аудандық басқарманың контролер кассирі Мадияр Жұмажанов, аудандық құрылыс бөлімінің маманы Бекзат Қуандықов, Тұщықұдық ауылдық округ әкімінің орынбасары Ербол Есмағила және жеке кәсіпкер Алмас Ахметқали «Қазақстанның үздік ауыл жастары» атты Құрмет грамотасымен қоса, төсбелгімен ұлғыланды.
Байқауға қатысушы Бекзат Қуандықовты марапатымен құттықтап, шараға қатысу барысын сұраған едік.
-Мемлекет басшысының ауыл жастарын ынталандыру, әр сала бойынша қызметтегі еңбегін бағалау мақсатында «Қазақстан ауылдарының үздік жастары» атты байқау біздерді шын қуантты. Алдымен осы байқауға онлайн түрде өзіміз жайлы автобиография мен өтініш кестесін әрі еңбектегі іскерлік жетістіктерімізді толығырақ көрсетіп, жіберген едік. Өзара комиссия іріктеуден өткізіп, араға бірнеше күннен соң екінші кезеңге өткеніміз жөнінде хабар жетті. Іріктеуден сүрінбей өткен аудан бойынша 4 жеңімпаз еді. Бірақта, Алматы қаласындағы конференцияға 3 азамат қатыстық.Байқауға 18-35 жас аралығындағы еліміздегі барлық ауылдық жердегі еңбек етіп жүрген, қоғамдық өмірге белсенді, әкімшілік қызметкер, жеке кәсіпкерлік пен шығармашылық өкілдері қатыса алды,-дейді ол.
Сондай-ақ, «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры республикалық байқауға үздік маман қатыстырған үшін аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзин мен «Халық Банк» аудандық басқарма басшысы Арайлым Сахыповаға және Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлына арнайы алғыс хатын жолдаған.
Сағыныш ҚАЙЫР