Зейнетақы да жіктеліп беріледі

Қазақстанда 1998 жылдан бастап зейнетақы жүйесін дамытудың негізгі бағыттары анықталып, зейнетақы төлемдерін төлеудің қалыптасқан әлеуметтік қағидатынан дербес зейнетақы жинақтары қағидатына кезең-кезеңімен өтуді жүзеге асыруға кірісті.

Әлеуметтік қамсыздандару жүйелерінің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып жүргізілген реформа нәтижесінде Қазақстанда базалық, міндетті (ынтымақты және жинақтаушы) зейнетақымен қамсыздандыру деңгейлерінен тұратын көпдеңгейлі жүйе құрылып, қызмет көрсетеді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша аудандық бөлім басшысы Гүлбана Иматоллақызы Молдашевадан өмірімізбен өзектес осы өзгерістерге кеңірек түсінік беруін сұраған едік.

- Әрине, қазір газет оқымайтын, теледидар қарамайтын адам жоқ. Дейтұрғанмен, сіздің маман ретіндегі саралауыңыз бәріміз үшін де түсініктірек болар еді.

- Тарқатып айтар болсақ, ынтымақты зейнетақы, бұл - 01.01.1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен және 01.01.1995 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезең аралығындағы қатарынан 36 айдың орташа жалақысымен есептелетін зейнетақы. Жинақтаушы зейнетақыға келсек, бұл - жинақтаушы зейнетақы қорына 1- қаңтар 1998 жылдан бергі жалақыдан 10 пайыз жарна ұсталып, қорға аударылып жинақталған қаражаттан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемі. Оның көлемі қорда жинақталған қаржының мөлшерін тиісті коэффициентке көбейту арқылы есептеледі. Ал қорда бар жинақталған қаржы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген сомасынан төмен болса, айға бөлінбей, бір рет төленеді. Осы 2018 жылға ол 33745х12=404940 теңгені құрайды.

Енді базалық зейнетақы жөнінде, бұл - 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан бастап зейнетақы қорына жарна аударған кезеңдері бірге қосылып есептелетін зейнетақы төлемі. Барлық еңбек өтілі 10 жыл және одан төмен немесе мүлде жоқ болса, базалық төлемнің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ТКД) 54 пайызына тең, ол 28284 х 54% =15274 теңге, ал 33 жыл және одан жоғары болса, ТКД-нің 100 пайызы - 28284 теңге төленеді. Осы жылдың 1-шілдесінен аудандағы 2350 зейнеткерге базалық зейнетақылары өскен мөлшерде төленуде. Маусым айында, барлық 2350 алушыға бір айда 35893900 теңге базалық төлем төленсе, 1-шілдеден қайта есептеуден кейінгі бұл көрсеткіш 60269767 теңгені құрап, 24375867 теңгеге көбейді, орта есеппен базалық зейнетақы 10372 теңгеге артты. Аудан бойынша жоғарғы 100 пайыз ТКД болатын 28284 теңге базалық төлем алушылар саны қазір 937 адамды құрап отыр, бұл – алушылардың 39,9 пайызы. Ал, бұған дейінгі алып жүрген 15274 теңге мөлшерінде қалғаны - 54 адам, бұл жалпы алушыға шаққанда - 2,3 пайыз. Базалық зейнетақының көлемі еңбек өтіліне және зейнетақы жинақтаушы жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептелетін болғандықтан, жалақыдан ұсталған 10 пайыз зейнетақы жарнасын ай сайын, уақытында аударуды қызмет берушінің есепшілері назарына бергім келеді.

- Бұл, енді, осылай бола бере ме?

- Келешекте ынтамақты жүйеден зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаятын болады (азаматтардың 01.01.1998 жылға дейін жинақтаған еңбек өтілінің азаюына байланысты). Белгіленген жағдайларға қарай ынтымақты зейнетақыны тағайындау шамамен 2043 жылға дейін сақталады. Алайда, әйелдер үшін 2018 жылдан бастап, ерлер үшін 2023 жылдан бастап, зейнетақыны есептеуге ұсынылатын еңбек өтілінің (1998 жылға дейінгі) қысқаруына байланысты зейнетақы толық емес және үнемі азайып отыратын мөлшерде тағайындалатын болады. Бұл азаю жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілетін төлемдермен, базалық зейнетақымен өтелетін болады.

- Жәрдемақылар жайында айтарыңыз бар ма?

- Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңының 4 бабының 1 тармағы 5 тармақшасы бойынша 01.07.2018 жылдан бастап бірінші топ бала жастан мүгедек адамның күтушісіне ТКД-нің 1,05 коэффициенті көлемінде ай сайын 29699 теңге жәрдемақы тағайындау нормасы енгізілді. Отбасында екі не одан да көп бірінші топ бала жастан мүгедегі болса, олардың әрқайсысына тағайындалады. Жәрдемақы арызданған күннен бас-тап, мүгедектік белгіленген барлық кезеңге тағайындалады. Егерде, бірінші топ бала жастан мүгедегі өзін-өзі қамтамасыз етуге әрекетсіз болса, бұл жағдай сот шешімімен анықталған болуы қажет және қамқоршысы аудандық комиссиямен белгіленеді, ал әрекетке қабілетті болса, күтушісін өзі таңдайды және жылына екі рет күтушісін ауыстыруға құқығы бар. Күтушісі бірге немесе бір елді мекенде тұратын болуы қажет.

Бірінші топ бала жастан мүгедегінің күтушісі бола алмайтын адамдар кімдер дегенге келсек, олар:

- сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе ішінара шектелген деп танылғандар;

- кәмелеттік жасқа толмағандар;

- нашақорлар және жүйке жүйесі диспансерінде есепте тұратын адамдар.

- Көпбалалы аналарға қолдау қандай?

- 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көп балалы аналарға 53 жастан тек қана жасына байланысты жеңілдік шартпен зейнеткерлікке шығу нормасы сақталады. Олар базалық және жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдеріне 63 жасқа толғанда ғана құқылы болады.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521