Зейнетақы жүйесінде жаңалық көп

Бүгінде адамдар әртүрлі іспен айналысуда. Бірі кеңсе жұмысынан, құрылыстан, вахталық әдістен, енді бірі жеке кәсіптен табыс тауып жүр.

Ал біреулер, әсіресе ауыл тұрғындары – жұмыссыз. Сайып келгенде, осы азаматтардың басын қосатын бір мәселе – зейнетақы.

Осы кезге дейін зейнетақы есептеу кезінде кейбір санаттардың теңесіп кеткені жасырын емес. Мәселен, 35-40 жылдық қызмет өтілі бар азаматтар мен ешқашан жұмыс жасамаған адамдардың зейнетақы мөлшері бірдей болды. Өйткені зейнетақы салымының соңғы жылдардағы мөлшерінің маңызы зор болды. Биылдан бастап зейнетақы төңірегіндегі барлық түсініксіз жайттар сараланып, зерттеліп, жаңа жүйеге келтіріледі деп күтілуде.

Яғни, 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған жарнасы ескеріледі. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем, не мүлдем болмаған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы (бүгінгі күні ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері – 28 284 теңге) тағайындалады.

Сонымен қатар, азаматтардың еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайызы, ал 30 жылға 94 пайызы көлемінде тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайыз көлемінде беріледі. Яғни, адам неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның жинақтау-шы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы да көбірек болады.

Осы тұстағы 35 жылдық еңбек өтілін түсіндіре кетейік. Мысалы, 2013 жылы әйел адам зейнетке шықты делік. Оның жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесінде еңбек өтілінің 20 жылы ғана есептелетін еді. Қалған 15 жыл-ға зейнетақы жинақтау қорына аударылған зейнетақы жарнасы қосылатын. Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 35 жылдық еңбек өтілі толықтай саналады.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК

Биылдан бастап қызмет өтілінің қайта есептелуіне орай азаматтардың базалық зейнетақысы көтерілетін болады. Яғни, бүгінде зейнеткерлер 15 274 мың теңге алатын болса, 1 шілдеден – атқарған еңбек өтіліне сай жоғарылатылған, кейбір жағдайда екі есе көп базалық зейнетақы алады деген сөз.

 

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС ҚЫЗМЕТ ӨТІЛІНЕ КІРЕДІ 2014

жылғы қаңтардан бері жұмыс істейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты зейнетақы жарнасы аударылып тұрғанынан жұртшылық хабардар. 2018 жылы да дәл осылай жалғасын таба бермек. Декреттік демалыста болған 3 жыл да еңбек өтіліне есептеледі. Бұл жерде жұмыс жасамайтын аналарға да әлеуметтік қолдау жасалатынын айта кету керек. Бұдан былай әр балаға 3 жылдан, барлығы 12 жылдық еңбек өтілі есептелетін болады.

 

ҚОСЫМША ҚҰЖАТ ҚАЖЕТ ЕМЕС

Биылдан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері мемлекеттік базалық зейнетақыны қоса есептегенде 49 019 теңге көлемінде болды. Орташа зейнетақы 71 мың теңгенің, ал, жоғарғы төлем – 104 мың теңгенің шамасында. Сонымен бірге қайта есептеуді жүргізу үшін зейнеткерлерден қосымша құжат талап етілмейтінін де айта кеткен жөн. Бұрынғы тапсыр-ған құжаттар пайдаланылады. Биылға дейін еңбек өтілі мен табысы болмаған күннің өзінде зейнет жасына жеткендерге 14 466 теңгеден беріліп келді. Бұл біріншісі – базалық деңгейдегі зейнетақы. Ал, ынтымақты зейнетақы дегеніміз не? 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Себебі, осы жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Осы қорға жалақының 10 пайызы міндетті түрде аударылып отыр. Бұл – зейнетақы жарнасы. Осы деңгей ынтымақты деп аталады. Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы. Аты айтып тұрғандай, мұнда зейнетақы әркімнің өз еркімен жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын аударып отырған төлеміне байланысты. Арнайы шот ашып, ақшаңызды құйып отыруыңызға әбден болады.

 

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАНДАЙ?

Бүгінде бұл мәселе өзге елдерде қандай екен, соған көз жүгіртіп көрелік. ТМД елдерінен бастасақ: Өзбекстанда және Ресей мен Беларуссия¬да ерлер зейнетке 60 жасында, әйелдер 55 жаста, ал Әзірбайжанда ерлер – 62, әйелдер 57 жасында шығады. АҚШ пен Канадада ерлер мен әйелдер бірдей, 65 жасында зейнеткерлікке кетеді екен. Испанияда, Швейцарияда, Бельгияда, Польшада ерлер 65 жасында шықса, поляк әйелдері 60 жасында, бельгиялық әйелдер – 62, испания¬лық әйелдер – 63, швейцариялық әйелдер 64 жасында зейнеткер атанады. Франция мен Италияда ерлер – 67, әйелдер 65 жасында зейнеткер болады. Ұлыбританияда ерлер 68 жасында, әйелдер 60 жасында дамыл табады. Данияда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасы бірдей – 67 жас. Албанияда ерлер 69,5 жасында, әйелдер 64,5 жасында зейнеткер атанады. Ал Жапонияда еркектер де, әйелдер де зейнеткерлікке 70 жасында шығады екен. Мәлімет Zamana.kz сайтынан алынды 2027 жылдан бастап әйелдер зейнетке 63 жасында шығады Әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіру мәселесі бір қайнауы ішінде болған соң, осы кезге дейін кейінге шегеріліп келген еді. Енді 2018-2027 жыл аралығында кезең-кезеңімен артатын болды. Зейнет жасы алты ай сайын қосылып отырады. Сөйтіп, 2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы теңеседі.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521