АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстандық заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында жаңа Конституция жобасы неліктен «халықтық» құжат атанып кеткенін түсіндірді.
— Конституцияны «халықтық» деп атаудың себебі — оған ел азаматтарының өз ұсыныстарын жіберуінде. Реформа жұмыстары 8 қазанда басталып, бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желілерден, қоғамдық ұйымдардан және заңгерлерден 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Олардың әрқайсысы жұмыс топтарында мұқият қаралып, жалпы отырыстарда талқыланды. Оған қоса, Конституция қазақ тілінде жазылды. Мен бұрын Сенатта 12 жыл депутат болғанмын. Сонда 2 заң ғана қазақша жазылған еді. Ал қазір Ата заңымыз — басты заңымыз тек қана қазақ тілінде жазылды. Содан кейін орыс тіліне аударылды, — деді С. Ақылбай.
Оның айтуынша, Жаңа Конституцияны «халықтық» деп айтудың тағы бір себебі — жаңа құжат ең алдымен адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Егер мемлекет тарапынан қысым мен кедергілер болса, мемлекет әрекетсіздігінен жапа шеккендер өтемақы алады, яғни, мемлекеттің емес, адамның құқығы алға шықты.
— Өзім дін туралы ұсыныс жасадым. «Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек» деп жазылды. Қазіргі Конституцияда «Қазақстан
— демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет» деп жазылған. Зайырлылық туралы бір ғана сөз бар еді. Ал енді жаңадан 7-бап енгізілді. Онда діни бірлестіктер мемлекеттің жұмысына араласа алмайды.
Ал жария билік негізсіз діни бірлестіктердің жұмысына араласпайды. Егер діни бірлестіктер жұмысы мемлекеттік қауіпсіздігімізге қарсы болса, қоғам тыныштығына, адам өмірі мен бостандығына қауіп төндірсе ғана жұмыстарына араласып, шектеу қоюы мүмкін, — деді спикер.
Сонымен бірге, Конституцияда білім мен ғылымды нығайтуға бағытталған тармақ бар. Цифрлық технологиялардың адам құқығына зиян келтірмеуі де Орталық Азияда алғаш рет Қазақстан заңнамасында көрсетіліп отыр.


