Атырау облысында 4-17 жас аралығындағы балаларға арналған шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырыстар (үйірмелер) Damubala.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мұндағы басты жаңалық – енді жүйеге FaceID, яғни бет-әлпетті тану функциясы енгізілмек.
FaceID жобасы облыстық цифрландыру және архивтер, дене шынықтыру, спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларымен бірге іске асырылуда.Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың сөзінше, жаңа жүйеде әр баланың үйірмеге жеткендігін, уақыты мен геолокациясы бойынша ақпараттар алуға болады. Ол үйірмелерге қатысушылар бойынша актуальды санды ала отырып, мемлекеттік бюджеттің игерілуінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.– Жүйеде ата-аналар өздерінің жеке кабинеттерінде балалардың мәліметтерін қолдануға рұқсат берілгенін (биометрия) растай отырып, оларды арнайы бейне тексеру жүйесінен өткізеді. Толтырылған ақпараттар жүйеде сақталып, өзге үшінші тұлғаларға қолжетімді болмайды. Осыған дейін бұл іс-шаралар ата-аналардың ЭЦҚ-кілт арқылы қол қоюмен жүзеге асырылған болатын. Үйірмелерге бұрыннан қатысып жүрген балалар үшін 1 маусымға дейін ЭЦҚ-кілт арқылы растау үдерісі жалғасып, кейін FaceID жүйесіне ауыстырылады. Ал жаңадан қатысушылар бірден жаңа жүйені қолданатын болады, – деді А.Көпжанов.Айта кету керек, облыста спорт және мәдениет бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыс үшін жергілікті бюджеттен 2021 жылы – 419 млн. теңге, 2022 жылы – 2,5 млрд. теңге, 2023 жылы 4,9 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде тегін спорттық секциямен қамтылған бала саны 27 861-ді құрайды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ