Жаңа жыл - жаңа мектепте!

 Теңізшевройл Жылыой ауданында «Игілік» бағдарламасының аясында 600 орындық мектеп салды

Жаңа жыл қарсаңында Жылыой ауданының Құлсары қаласында Теңізшевройл компаниясының «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынған Береке шағын ауданындағы 600 орындық № 13 жалпы білім беретін мектептің ашылуы болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бағытта Теңізшевройл компаниясының үлесін ерекше атап өтті: "Бүгін біздің қала тұрғындары үшін ерекше күн - біз жаңа мектепті ашып отырмыз. Ол «Игілік» бағдарламасы аясында салынды және біз Теңізшевройлға өңіріміздің дамуына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Балаларымыз осы жерден сапалы білім алсын, оларға алдағы уақытта үздік оқу мен табыс тілеймін".

Мектеп білім берудің барлық заманауи стандарттарына сәйкес келеді. Ғимарат 3 блокқа бөлінген: бірінші үш қабатты блокта жоғары сыныптар орналасқан, орталық блокта акт және спорт залдары, сондай-ақ асхана орналасқан. Екі қабаттан тұратын үшінші блокта бастауыш сыныптарға арналған кабинеттер мен медициналық пункт орналасқан. Технология, физика, химия және басқа да бейіндік пәндер кабинеттері, зертханалық кабинеттер микроскоптан бастап ноутбукке дейінгі заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, мектеп толық инклюзивті: ол нашар көретіндерге арналған жолдармен, пандустармен және арнайы санитарлық тораптармен жабдықталған. Мектептің аумағы 4 аймаққа бөлінген: дене шынықтыру-спорт аймағы; оқушылардың демалыс аймағы, оқу-тәжірибелік және шаруашылық аймақ. Бұдан басқа, мектеп аумағының 37%-ға жуығы көгалдандыруға арналған.

Айта кетерлік жайт, мектеп жаңа шағын ауданда бой көтерсе, ұжым бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласындағы №13 мектептің ұстаздарынан жасақталған. Осылайша, бұл жоба тек жаңа шағын ауданның жас тұрғындарының ғана емес, апатты жағдайдағы мектеп оқушыларының да білім беру мәселелерін шешуге ықпал етті.

«Теңізшевройл әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания ретінде әлеуметтік жобалардың басым бағыттарының бірі ретінде білім беруді қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз болашақ білімді жастардың қолында деп сенеміз және олардың дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз», - деп атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Айбек Крамбаев.

Айта кету керек, 1998 жылдан бері “Игілік” ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында 25 білім беру мекемесі, оның ішінде 9 мектеп салынды. Жалпы, бағдарлама жұмыс істеген жылдар ішінде 120-дан астам нысан салынды. ТШО жыл сайын Атырау облысында мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына 25 миллион АҚШ долларын бөледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT