«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биыл аяқталады. Жобаның басты мақсаты – елді апатты білім ордаларынан құтқарып,үш ауысымды оқуды жою болатын.
Енді ол міндет қалай орындалады? Ұлттық жобаның жүзеге асырылуын бақылауға алған Парламент депутаттары басқа да олқылықтарды байқап, шешімін ұсынды. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, әу баста ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп тұрғызу қарастырылды. Жалпы бюджеті де мол – 2,6 трлн теңге болды. Кейін бюджет тапшылығына байланысты жоспар түзетіліп, барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу міндеті белгіленді. Алайда ел Үкіметінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен қаржыландыру сомасы 1,5 трлн теңгеге дейін кеміп, ашылатын жаңа оқушы орындары 460 400-ге дейін, салынатын мектеп саны 217-ге дейін, яғни екі еседей қысқартылды. Нақтылағанда, Samruk-Kazyna Construction компаниясы іске асырып жатқан «Жайлы мектепке» Ұлттық қордан 2023–2025 жылдары 1 триллион 493 млрд теңге бөлінді: 2023 жылға – 500 млрд, 2024 жылға – 646 млрд, 2025 жылға – 347 млрд теңге.
Ұлттық жоба аясында бой көтеретін білім ордаларының жалпы саны 401-ден 217-ге дейін күрт азайса, онда Президент қойған міндет – «апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындары тапшылығын жою» мәселесі қалай шешіледі? Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» аясындағы мектеп санының елеулі азайтылғанына қарамастан, еліміз бойынша кейінгі екі жылда тұрғызылған орта білім ордаларының жалпы саны ұлттық жоба көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түсті. Себебі құрылысы ұзаққа созылып кеткен бұрынғы біраз мектептің ғимараты ақыры іске қосылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен жемқорлардан тәркіленген қаражат та мектеп салуға бағытталады. Білім инфрақұрылымын қолдау қорынан 100 мыңдай оқушыға арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылыпты.
– Нәтижесінде, 2023-2024 жылдары рес¬публикада «Жайлы мектепті» қоса алғанда, жалпы саны 422 мектеп салынды. Оларда 510 мың оқушы орны қарастырылған. Тарата айтсам, 2023 жылы 137 мың орындық 165 жаңа мектеп қолданысқа берілді. 2024 жылы 373 мың оқушы орны бар 257 жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды, – деді Ғани Бейсембаев.
Министр екі жылда 422 мектептің іске қосылуы ел тарихындағы рекорд болғанына назар аудартты. Бұл 32 апатты мектеп пен 71 үш ауысымды мектептің проблемасын, сондай-ақ 200 мектептегі оқу орнының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берген. Сөйтіп, республикалық және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ бюджеттен тыс көздердің есебінен жаңа мектептер саны жөнінен жоспар асыра орындалды. Оқушы орны жөнінен (842 мың орнына 510 мың) кемдеу, бірақ статистикаға әзірге 2025 жылдың көрсеткіштері кірген жоқ, онымен оқушы орны бойынша да жоспар артығымен орындалуы мүмкін. Оқу-ағарту министрі биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 112 орта білім ұйымы шәкірттерге есігін ашатынын айтты.
Мемлекет тек мұнымен шектелмейді: осы жыл аяқталғанша елде шамамен 300 мың оқушыны сиғыза алатын 200 жаңа мектеп салу жоспарланған. Құрылысы депутаттар назарында Мәжіліс депутаттары жайлы мектептер санының күрт азаюына жобалар құнының шектен тыс қымбаттап кетуі ықпал етті деп санайды. Осы екпінді құрылысқа жауапты «Самұрық-Қазына Констракшн» компаниясына шүйліккен депутат Қазыбек Исаның дерегінше, жекеменшік мектептердің құрылысына 1,7-2 миллиард теңге кетеді.
– 1 200 орындық жайлы мектеп 6 млрд 413,7 млн теңгеге салынып жатыр. Яғни, бір орнының құны мысалы, Шымкенттегі жеке мектептен 4,16 есеге қымбат! Орнының саны екі есе кем, 600 орындық жайлы мектеп 4 млрд 600,3 млн теңгеге түсті, ондағы бір орын құны 6 есе артық. 2000 орындық жайлы мектептердің құны 9 млрд 630 миллионнан асып кетті! Сапасы бірдей болса да, жекеменшіктің құнынан жайлы мектептің құны 4-5 еседей көп. Сонда 4-5 мектеп орнына бір мектеп қана бергенде, қалған қаржы қайда кетті? Бізге 4-5 мектеп салуға, яғни 1,4 триллион қаржыға 217 мектептің орнына 1000 мектеп салуға кім кедергі? – деді депутат.
Жайлы мектептер жобасының қымбаттап кеткенін «аманаттық» депутаттар мәселе етіп көтеріп келеді.
– Соңғы жылдары бюджетте үнемі қаражат тапшы. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері оның шығыс бөлігін азайту бойынша жұмыс істеуі керек, бірақ жеткілікті жұмыс байқалмайды. Бюджет шығынын азайтудың бір жолы, менің ойымша, құрылыс құнын төмендету. Құрылыс жұмыс¬тары көбіне шынайы бағасынан бірнеше есе артады. Мәнісін сұрасақ, «есеп-қисаптары бекітілген стандарттар бойынша жүргізіледі» деген үйреншікті жауапты үнемі естиміз, – деді «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова.
Депутат тіпті бұрын бекітіліп қойған жобалардың ары қарай қымбаттау жағдайлары жиі кездесетініне екпін түсірді.
«Мысал көп. Небәрі 600 орындық шағын мектептің құны 5,4 миллиард теңгеге жеткен! Бұл қаржыға университет ашуға болатын шығар. Оқу-ағарту министрлігі де шет қала бермей, білім ұйымдарының құрылыс жұмыстарының есеп-қисаптары бойынша стандарттарға ревизия жүргізіп, оларды шынайы деңгейге дейін қайта қарауы қажет. Сол арқылы бюджет қаражатын үнемдеу шаралары қабылдануға тиіс», – деді Г.Нұрымова.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, бюджеттен қаржыландырылатын мектептер құнының басы артық қымбаттауы мәселесі бар. Түйткілдің түйінін тарқатудың бірнеше жолы пысықталды.
«Бұл жағдайда «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорны бағаны төмендетуге ықпал ететін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Ол бағасы шамадан тыс көп жобаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын бермеуі керек. Екіншіден, құрылыстың заманауи әдістерін ендіру жоба құнын арзандатуға септеседі. Осы мақсатта EPC («под ключ») контрактілер бекітілетін болады», – деді министрліктегілер.