Жақсылық жасасаң, балаға жаса

Жексенбі күні ауданымызда Атырау облыстық «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, демеушілердің қолдауымен  «Мектепке жол» және мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты және көп балалы аналарға арналған  «Білімді ұрпақ – ел болашағы» атты іс-шара өткізілді.

 «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігі тағдырдың тауқыметіне ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделу мәселелерін шешуді қолға алып отыр. Ұйым мүшелері сол азаматтарға құқықтық кеңестер беріп, демеушілердің қолдауымен түрлі іс-шара ұйымдастырады.

Аталған іс-шарада алғашқы сөз тізгінін ұстаған «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асқат Карин жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

-Осыдан бір ай бұрын Исатай ауданында осы аталған қоғамдық бірлестіктің филиалы ашылып, оған өз жерлестеріңіз Майгүл Укаева төрайымы болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін Махамбет пен Индер аудандарында да бірлестіктің филиалдары ашылып, бүгін жұмыстарын жасауда.

Өзім де – мүмкіндігі шектеулі жандардың бірімін. Қос жанарым көрмейді. Бірақ, біздер ерекше жандар боп есептелсек те, қоғамның белді мүшесі болып саналамыз. Осы қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адам мен біздердің құқығымыз тең. Біз де бейбіт өмір сүруге құқылымыз. Сондықтан, бойдағы кемшілік пен кемістікке ешқашан қысылмай, қоғаммен тығыз байланыста болуымыз қажет.

Бізден де бөлек қоғамнан тысқары қалып жатқан адамдар қаншама?! Оларды да осындай орта арқылы қоғаммен байланыстырып, тартуымыз қажет. Бірлестік заң аясында жұмыс жасайды. Әсіресе, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, кірістерді бөлудегі әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік, барлығына бірдей мүмкіндік беру, әр азаматтың қадір - қасиетін құрметтеу және қорғау, олардың маңызды шешім қабылдауға қатысуы сынды тетіктерін бірлестік мүшелері бірлесе атқарамыз. Көкейде жүрген ой-пікірлеріңіз бен сан сауалыңызды жолдауға еш қысылмаңыздар, біздер оны тыңдауға даярмыз,-деді ол өз сөзінде.

Келесі сөз кезегін алған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев облыстық  қоғамдық бірлестіктің жұмысына сәттілік тілеп, ауданымызда жаңадан ашылған бірлестіктің филиалына алдағы уақытта қолдау білдіретіндігін айтып өтті.

Осылайша,  әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында  облыстық «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен іс-шара өткізіліп, демеушілер көмектерін ұсынды. Оған «Ақжан арзан» сауда орталығының басшысы Ақмарал Тахаева, «Қалам-Аққыстау» дүкенінің басшысы Сәкен Жанғалиев «Мектепке жол» бағдарламасы аясында бастауыш сынып оқушыларына мектеп формасын алу үшін сертификат және сөмкелер тарту етті. Атап айтсақ, Айзере мен Зарина Арманқызы, Мұрагелді Тұрақбайұлы, Ислам Сиратолла, Назерке Сакташ, Мерей Медетұлы сертификат иеленсе, ал Көркем Нұрболатқызы, Бақдәулет Сапарғалиев, Жераман Жанесен, Сәнжан Мейрамұлы, Люба Дабысова сынды оқушыларға сөмке берілді. Бұл іс-шараға ата-аналар мен балалар дән риза. Олар осы қайырымдылық шараға мұрындық болған кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

- Аудан деңгейінде бірінші рет осындай іс-шара ұйымдастырылып, соның ішінде, қоғамдық бірлестіктің филиалы бізде де ашылып,көпшілік оған қолдау танытып жатыр. Мектеп жасындағы балаларымызға мектеп формасы мен  оқушы сөмкесін табыстағаны – біз үшін үлкен көмек. Қай жағынан да мәселелер туындаса, соның түйінін шешуге ықпалдасатын қоғамдық бірлестіктің ауданымызда құрылғанына дән ризамыз. Осындай игі бас-таманы қолдап, үнемі жаны жақсылыққа ұмтылатын демеушілерімізге алғысымыз шексіз,-дейді  аққыстаулық ата-ана Жанар Харесова.

Иә, балаға жақсылық қылғанға жетер не бар!

                                                                                                                                      

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT