Жалқаулық қайдан жұғады?

Көптен көріспей кеткен бір таныс аяқасты кездесіп қалды.

Бұрыннан бір-бірімізбен қатты сыйласып, бүкпесіз ойларымызбен бөлісе жүретінбіз. Осы жолы да біраз шүйіркелестік. Дұрысында ол – айтушы, мен – тыңдаушымын. Бас-аяғы он бес-жиырма минуттай уақыттағы әңгімесінде ол «Балалар жалқауланып кетті, қолдап жұмыс жасауға жоқ. Қатырма қағазы болмағасын, оларға жеңіл жұмысты кім берсін?» деп қалды. Кейін де оның осы айтқаны ойымнан шықпай қойды, өзімше зерделеп көруге тырыстым. Жалпы, жалқаулық деген жақсы қасиет емес, оның үстіне жаман әдеттің жұққыш келетіні бар ғой. «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» дейтін үлкендеріміз, одан балаларды қалай қорғауымыз керек? Мамандар өмірді тану қадамы үйден басталатын сәби үш-төрт жасқа толғаннан кейін әр нәрсеге әуестеніп, бір іспен шұғылданғысы, ересектердің жұмысына араласып, көмек көрсеткісі келіп тұратынын айтады. Олардың пікірінше, сол кезде баланың бетінен қағып, меселін қайтармай, қайта оның мақсаты мен ниетінің орындалуына мүмкіндік жасап, іс-әрекетіне үнемі көңіл бөлген жөн екен.

Алайда, біздің кейбір ата-аналар айналысып жатқан жұмысына араласқан сәбиді «бөгет жасайсың», «бүлдіресің» деп ұрсып, тіпті, «қағып» та жіберетінін көріп жүрміз. Жоғарыдағы ұстамға жүгінсек, бұл - мүлде қате. Керісінше, баланың тілегі орынды болса, құптаған абзал. Егер, шамасы келмей жатса, көмектесіп жіберген де жөн болмақ. Бұл, меніңше, бала көңілін қуантады, еңбекке құлшынтады және өзін түсінген әкеге болмаса анаға деген ризалық сезімін де арттырады. Ал, ойлағаны орындалып отырған баланың көңілі әр жолы көтеріліп, еңбекшілдігі өсері айтпаса да түсінікті. Бұл - өзімізше өткенге бір үңіліп көрсек, бәріміздің басымыздан өткенін, яғни, бала шақта әрнеге еліктеп, ата-анаға көмектескіміз келіп тұратын болғанын да ойға оралтар жайт. Міне, осыдан кейін, баланы ерте шағынан пайдалы іспен айналысуға баптай білмек керегін терең ұғына түсесің. Бұның бәрі, ол ұл не қыз бала болсын, балғын талпынысына тыйым салудың ағаттығын айғақтайды.

Қазіргідей ақпараттың толассыз ағыны жүріп жатқан шақта бала тәрбиесіне қатысты, соның ішінде баланы еңбекке тәрбиелеу хақында айтылған ой-пікір аз кездеспейді, тек керегін таңдай білмек абзал. Солардың «Тағы бір ескеретін жай, қыз бала мен ұл баланың іс-әрекетін ешқашанда бөле қарамау керек. Өйткені, ойын баласы ықыласы ауған нәрсеге ерекше беріліп кетеді. Сәбиді осы талабынан айнытуға немесе зорлықпен тыйым салуға тырысу оның тым нәзік нерв жүйесін зақымдайды, ызақор етеді, мұндайда сәбидің назарын одан да қызық басқа бір нәрсеге аударып жіберу тиімді. Өз еркімен тындырған ісіне талдау жасап, лайықты баға беру, кемшілігін бала ұғымына сөйкес тілмен түсіндірудің мәні зор. Өйткені, сәбидің сөзін, орта жолдан бөліп тастау, әйтпесе, құлақ аспай қою, тіпті, мұнымен де шектелмей, талпынысына тыйым салу ата-ананың бала алдындағы беделін кемітеді. Өз ойының үнемі жүзеге аспайтынын сезінген сәбидің еңбекке деген ынтасы кемиді, айналасындағы адамдардың әрекетіне немқұрайды қарап, жалқаулыққа бой ұрады». Тырнақшадағы бұл тәлімдік түйін - мамандардың маңыз қойған пікірлерінің бірі.

Ендеше, әрбір ата-ана уақыты аз болғанның өзінде де баласына көңіл бөліп, оның не істегенін, немен шұғылданатынын, қандай кітап оқығысы келетінін, нендей ойы бар екенін сұрап, біліп отырғаны теріс емес. Ересек адаммен әңгімелесу балаға үлкен әсер қалдырады. Осындай әдет берік орын алған үйде ата-ана мен баланың арасында шынайы сыйластық, сүйіспеншілік, достық қарым-қатынас қалыптасады.

Тақырыпты қаузауыма танысымның «баламыз жалқау, ештеңе істегісі келмейді» деуі себепші болып еді ғой. Меніңше, ол өздерінің баланы жастайынан шектен тыс еркелетіп, тым мәпелеп ұстап, еңбекке деген талабын тежегенін ұмытып кеткен сыңайлы. Оларға орынсыз аяушылық көрсетіп, «әлі жас қой, есейе келе үйренер» деп еңбектен алшақ ұстау — жалқаулықты өз қолымен үйреткенмен бірдей екенін әлі аңдамаған, аңдаса да мойындамағандай көрінді. Әлгі айтқаны уақыт озып кеткен соңғы өкініші іспетті маған. Мамандардың «Еліктегіш, мейлінше сезімтал сәбилер жақсы-жаман сөзді, әртүрлі мінез-құлықты тез қабылдайды. Сондықтан олардың дұрыс тәрбие алып, мәдениетті, еңбекшіл азамат болып өсуі үшін, әсіресе, ата-ананың әдет-ғұрпының, тіршілік салтының ықпалы зор» деуі де осы ойымызды нақтылай түскендей емес пе?.

Шындығына келсек, қай ата-ана үшін де бала тәрбиесінен асқан маңызды шаруа болмауы тиіс. Әке де, ана да өз перзентінің ақылды, парасатты адам болуы үшін еңбектенуі қажет-ақ. Бірақ, оның жолы қандай? Кімнен сұраймыз? Қалай үйренеміз? Бұл сауалдарға әркім әртүрлі жауап табады. Алайда, мен үшін анық бір жауап бала тәрбиесін бірінші кезекке қойған халқымыздың, яғни, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» деген даналық сөзінде тұрғандай. Өмірден шегіп алынған бұл тәрбиелік сөзде терең мән-мағына бар. Бұдан бабаларымыздың бізге баяғыда-ақ жөн сілтеп кеткенін көруге болады, өкініштісі сол, оны осы күні көпшілігіміз елеп-ескере бермейтін болғанбыз. Әрине, зерделей қарасақ, жалқаулық деген жаман қасиеттің бала бойына қайдан, қалай жұғатынын анық аңдап-ақ білуімізге де, оның алдын алуға қамданып жүруімізге де болатындай. Ал, аталарымыздың шегіп айтқан әлгі сөзін тағы бір жолы тарқатып көргенді жөн дедік.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521