Жамбыл ауылында жаңа спорт кешені ашылды

 

Республика күніне орай Қызылқоға ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінде өткен жылы құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені биыл толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

2024 жылы басталған нысанның құрылысы жоғары сапада, заманауи талаптарға сай жүргізілген. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Қанат Әзмұханов, округ тұрғындары мен еңбек ардагерлері қатысып, жамбылдықтардың қуанышымен бөлісті.

–  Президент тапсырмасына сәйкес спорт саласын дамыту бағытында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын тек Миялы мен Сағыз ауылдарында спорт кешені болса, соңғы жылдары Тасшағыл мен Жасқайратта жаңа нысандар ашылды. Биыл Қаракөл, Қоныстану және Қарабауда спорт кешендері пайдалануға берілмек. Ал келесі жылы Жангелдин мен Тайсойғанда спорт мектептерін ашу жоспарлануда. Бүгінгі қуанышты сәт құтты болсын! Ауданымыздың дамуы жалғаса берсін, – деді Қанат Әзмұханов.

 

 

Нысанның құрылысын жүргізген “АтырауСтройСтандарт” ЖШС өкілі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысына жаңа ғимараттың символдық кілтін табыстады. Одан кейін аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен 43 жыл ұстаздық еңбек өтілі бар ардагер ұстаз Рахмет Ғалияхметов спорт кешенінің лентасын салтанатты түрде қиды.

– Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды салауатты өмір салтына баулу саясатының нақты нәтижесі деп білемін. Біздің кезімізде мұндай кең спорт залдар болмаған. Бұл – үкімет пен жергілікті басшылықтың халыққа қамқорлығының көрінісі. Баршаға зор алғыс білдіреміз, – деді ардагер ұстаз Рахмет Ғалияхметов.

Лента қиылғаннан кейін аудан басшысы мен ауыл тұрғындары жаңа спорт кешенін аралап көрді. Заманауи нысанда спорт залы, жаттығу және күрес бөлмелері, киім ауыстыратын орындар мен жаттықтырушылар кабинеттері бар. Іс-шара соңында тұрғындар игі іске үлес қосқандарға алғыс айтып, ақ баталарын берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT