Жан саулығы – мейіргер қолында

 

Адам денсаулығын қорғау – мемлекет үшін ең маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Осы салада ерекше орын алатын – мейіргерлер. Бүгінде Қазақстанда мейіргерлік іс дербес бағыт ретінде қалыптасып, өз кәсіби даму жолына түсті. Денсаулық сақтау мекемелерінде бас мейіргерлер, мейіргерлік істі басқарушы мамандар, үйлестіруші қызметкерлер мен арнайы орынбасарлар қызметі енгізіліп, бұл саланың маңыздылығы арта түсті. Медициналық көмектің ауқымы кеңейген сайын, білікті мейіргерлерге деген сұраныс та үнемі өсіп отыр. Өйткені науқасқа күтім жасау мен жанашырлық танытуда мейіргердің орны бөлек. 

Мейіргер мамандығына ұлы ұстаз,ағартушы,зерттеуші Верджиния Хендерсон «Мейірбике ол аяғы жоқтың аяғы,соқырдың көзі,нәрестеге тірек,жас анаға білім мен өз-өзіне сенімшілік қазынасы,әлсірегендер мен өзіне мұқтаждардың тілі» деп анықтама берген. Осы  уақытқа дейін мейіргер  туралы түсінік  «науқасты күту» деп орын алып келсе,бүгінгі таңда жаңа оқу дисциплинасы «Мейіргер ісі негіздері» пайда болып, соған байланысты бұл түсініктеме біздің медицинада және қоғамда өзінің орнын тапты. Сонымен,мейіргер ісі шеберлілік пен ғылым ретінде өзінің алдына мынадай мақсаттар қояды:

- жоғары квалификациялы мейіргерлерді даярлауға атсалысу,олардың квалификациясын жоғарылатуға жол беру;

- этика, эстетика, деонтология және коммуникациялық дағдылар негіздерін ала отырып мейіргерлерді науқаспен, олардың жанұяларымен, әріптестермен қарым-қатынас жасау мәдениетіне тәрбиелеу;

- мейіргер ісі облысында ғылыми-тексеру жұмыстарын атқару;

- медициналық ақпараттарды жоғары қарқынға көтеру;

- мейіргерлердің арнайы ойлану қабілетін дамыту.

Исатай ауданында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету жолға қойылған. Аудандық аурухана құрылымы кеңейіп, қазіргі таңда аудан орталығы мен бірнеше елді мекенде жұмыс жасап тұрған 4 дәрігерлік амбулатория (Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай, Исатай), 2 фельдшерлік-акушерлік пункт (Забурын, Нарын), 3 медициналық пункт (Қызыл үй, Жасқайрат, Томан) арқылы ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық көмек көрсетілуде. Бұған қосымша бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын емхана, 15 жалпы тәжірибелік дәрігерлік учаске, 42 төсектік тәуліктік және 50 күндізгі стационар халық игілігіне қызмет етуде. Соңғы жылдары еліміз бойынша мейіргер ісі тың серпінмен дамып келеді. Бұл бағыттағы реформалар Исатай ауданын да айналып өткен жоқ. 2024 жылы Атырау облысы бойынша мейіргер ісінің штаттан тыс координаторы арнайы ауданға келіп, мейіргерлердің жұмысымен танысып, семинар-кеңес өткізгені – соның дәлелі. Аудандық ауруханада алғаш рет директордың мейіргер ісі жөніндегі орынбасары тағайындалып, мейіргерлік қызметті жүйелеу мен дамытуға басымдық берілді. Бұрын тек фельдшер мен акушер өз бетімен қабылдау жүргізетін болса, енді бұл қатарға жоғары білімді, кеңейтілген практика иесі – 3 мейірбике қосылып отыр. Олар өз алдына пациент қабылдап, белгілі бір дәрігерлік қызметтерді орындауда. Бұл – медицинадағы делегирлеу (өкілеттілік беру) қағидатын іске асырудың нақты мысалы.

Бүгінде аудан көлемінде 23913 тұрғынға 37 дәрігер мен 183 орта буын медицина қызметкері қызмет көрсетуде. Орта буын мамандардың 47,5 пайызы кәсіби біліктілік санатына ие болса, оның ішінде 59 маман жоғары, 13-і бірінші, 15-і екінші санатта. Айта кетерлігі – барлық медицина қызметкерлері 100% маман сертификатына ие. Аудан бо-йынша 144 мейірбике, 9 фельд-шер, 19 акушер, 1 санитарлық фельдшер, 2 фармацевт, 6 тіс дәрігері (дантист), 2 лаборант жұмыс істейді. Жоғары білімді мейіргерлердің қатары да артып келеді: 2 магистр, 6 академиялық бакалавр, 4 қолданбалы бакалавр және тағы 4 мейіргер білім алуда. Соңғы жылдары аудандық ауруханада тәлімгерлік жүйесі жолға қойылған. Аға және тәжірибелі мейірбикелер жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби машықтарын үйретуде. Бұл жұмыстың нәтижесі де айқын – жаңа кадрлардың бейімделу уақыты қысқарып, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндігі артуда. Сонымен қатар Атырау жоғары медицина колледжімен өзара тығыз байланыс орнатылып, болашақ мамандарды дайындау мақсатында аудандық аурухана базасында тәжірибеден өту үрдіске айналды. Бұл ынтымақтастық тек студенттер үшін емес, аудан үшін де маңызды, себебі білікті жас кадрларды тарту – алдағы медициналық сапаны арттырудың кілті.

Бүгінде аудан мейіргерлері халық денсаулығын сақтау бағытындағы талай міндетті табандылықпен атқарып келеді. Олар тұрғындар арасында жоспарлы халық санағын жүргізіп, скринингтік тексерістер ұйымдастырады, флюорографияға шақырып, алдын ала екпелер салады. Жаңа туған нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балаларды, жүкті аналарды патронажбен қамтып, үй жағдайындағы стационарлық көмек көрсетеді. Талдауға материал алып, динамикалық бақылаудағы диспансерлік науқастарға тұрақты назар аударады. Сонымен қатар, паллиативтік көмек көрсетіп, әлеуметтік қолдауға да араласуда. Прегравидарлық дайындық, бір жасқа дейінгі балаларды дұрыс тамақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстары, алғашқы көмек көрсету, санитарлық-ағарту шаралары, дәрігерлік нұсқаулар мен түрлі медициналық манипуляцияларды да абыроймен атқарып жүрген осы жандар – ақ халатты абзал жандар.

Мейіргерлер тек емдеу мекемелерінің ғана емес, ауданның қоғамдық өмірінің де бел ортасында. Олар мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысып, ұжымның рухани тірегіне айналып отыр. Олардың қатарында Сағымбаева Роза, Губашева Айгүл, Абилхаирова Назерке, Ерғазиев Берхат, Хамметова Зияда, Идрисова Лиза, Қайыржанова Алуаш, Уралбекова Лариса, Күлесова Гүлнұр, Оразбай Әсел, Хамзиева Әсемгүл, Сыехова Гүлнар, Успанова Гүлвира, Нигметова Нұрсауле, Сұлтанова Бибігүл, Жақсымбетова Гүлжанат, Төлегенова Мейрамгүл, Кабулова Ардақ, Қожабекқызы Айнагүл, Насенова Тұрсын, Төлепова Айсәуле секілді өз ісінің шеберлері бар.

Мейіргерлік кәсіптің тарихы тереңде. Қанды қырғын соғыстар мен зілзалалар кезінде жарақат алғандарды дәрігерлер емдесе де, олардың сауығып кетуіне жағдай жасап, жанында жүрген – мейіргерлер. Сол мейірімнің символы, мейіргерлік істің негізін қалаушы – Флоренс Найтингейл еді. Ол – 1820 жылы 12 мамырда Англияда дүниеге келіп, мейіргерлік мамандықтың мәртебесін арттырған тұлға. Сол себепті бұл күн әлем бойынша Халықаралық мейіргерлер күні ретінде аталып өтеді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы бір қадірлі кәсіп иелеріне деген алғысымыз шексіз. Ауру жанға – шипа, шарасызға – медет, қамыққанға демеу болып жүрген мейіргерлердің әрбір ісі құрметке лайық. Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, еңбекте табыс, отбасыңызға амандық пен шаттық тілейміз!

 

Назым ИДРИСОВА,

аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары, денсаулық сақтау  магистрі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT