Жанармай бағасы мен ҚҚС өсуі такси бағасына қалай әсер етеді – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қосылған құн салығын көтеру бастамасы мен жанармай бағасының нарыққа берілуі такси бағасына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.

    - Әуе қызметі бойынша, авиаотын әуелден нарықтық бағамен реттеледі. Сондықтан сіз айтып отырған өзгерістер ол жаққа ешқандай әсер етпейді. Теміржол бағасын мемлекет реттейтінін жақсы білесіздер. Бұл жақта да пойыз билетінің қымбаттауын жоспарлап отырған жоқпыз. Таксиге келсек, ол жақта жанармай нарыққа беріліп жатыр, яғни бұл жақта бағаны нарық айқындайды, - деді ол.

Министр келешекте такси бағасын қарапайым жүргізушілер мен интернет агрегаторлар өзара келісіп айқындауы мүмкін екенін атап өтті.

    - Жалпы такси қызметінің бағасы нарықта. Онсыз да оны мемлекет реттеп отырған жоқ. Бірақ біз осы саладағы өзін-өзі реттеу туралы заң жобасын талқылап жатырмыз. Сол заң жобасының аясында біз не беріп отырмыз? Алпауыт интернет агрегаты мен такси жүргізушілері өзара келісіп, сондай бір келісімге келуге болады. Мысалы, 1 шақырымға адам тасымалдаудың құны қанша болады деген сияқты. Одан агрегаттың алатын пайызы қанша болатынын келісуге болады. Бұған мемлекет араласпайды көлік иелері мен агрегат өзара келісімге келеді деген норма ұсынып отырмыз. Осы заң нормасы бойынша пилоттық түрде жұмыс бастаймыз деп жоспарланды, - деді Марат Қарабаев.

Бұған дейін биыл елдегі автожолдардың ақылы учаскелеріндегі тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсуі жоспарланғаны мәлім болған еді. 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT