Бүгін Жанбай ауылында жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды.
Онда ерлер мен әйелдер, балалар киімдері сатылады және шаштараз қызмет көрсетеді. Ашылу салтанатына ауыл әкімі мен тұрғындар да қатысып, игі тілектерін білдірді.
Ауыл әкімі Дидар Есмұханов: - Ауылымызда кәсіпкерлік нысанның ашылуы біз үшін үлкен қуаныш, бағасы қолжетімді болса, тұрғындарға қызмет көрсетіп немесе жұмыспен қамтыса, соның өзі үлкен олжа, - дейді.
Нысанның ашылу салтанатында «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрым Мусин қазіргідей құрылыс материалдарының қымбаттап тұрған уақытында кәсіпкерлік нысанға қол жеткізу, оған инфрақұрылым тартудың өзі де оңай емес екенін алға тартып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
«Ер-Ди-Нұр» дүкенінің иесі Гүлжихан Кенжеғалиева саудамен 2018 жылдан бері айналысады. Алғашында бутик жалға алып бастаған кәсібін дөңгелету мақсатында дүкен салуға бел буады.
- Сауда өзімнің қолымнан келетініне көзім жеткеннен кейін аукцион арқылы жер алып, дүкен салуға кірістік. Жалпы «Атамекен» ҰКП аудандық филиалындағы мамандар мемлекеттен қаржылай қолдаулар бар екенін, айналым қорын толықтыруға да қаржы алуға болатынын айтты. Бірақ өзім кәсібімді қарызсыз бастағым келді және жолдасым, отбасым түгел қолдап отырғасын «қаржылық қиындықтар болмайды» деген үмітімді оятты. Дүкенді асықпай салдық, екі жыл бұрын бастаған нысанымызды бүгін ғана ашуға мүмкіндік туып отыр, - дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қажетті тауарлар Алматыдан, Қырғызстаннан жеткізіледі. Нысанның ішінде 4 шаштараз жұмыс істеуге арналған бөлмесі бар, әзірге бір маман жұмыс істеуде, алдағы уақытта «жалға беруге де, жұмысқа адам алуға да болады» дейді кәсіпкер.
Нұрболат НҰҒМАН