Жанбайлықтар депутатпен жүздесті

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев облыстық мәслихат депутаттығына Исатай және Құрманғазы аудандары аумағынан сайланғаны мәлім.

Сондықтан да өзінің сайлауалды бағдарламасының жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатырғандығы жөнінде сайлаушылар алдында есеп беріп, халықтың мұң-мұқтажын, өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Жанбай ауылында сәрсенбі күні халықпен кездесу шарасын өткізді.

Бүгінгі күні келешегі кемел, даму қарқыны оңды жанбайлықтар үшін «бас ауыртып», аса маңызды саналатын проблема жоқтың қасы. Ауыл экономикасы көтеріліп келеді, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар, газ, су, жарық, жылу мәселелері шешілген. Депутат Б.Әбдешевтің дерегіне сүйенсек, жуық арада жаңадан салынған ауылдық мәдениет үйі мен емханаға кірме жол салынады екен, құрылыс-тың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр.

Сонымен бірге биыл ауылішілік 7 шақырым жол, дене шынықтыру кешені, арнайы маман үшін қызметтік пәтерімен қоса малдәрігерлік қосыны, саз мектебі, жазғы су құбыры құрылыстары жоспарланды.

Бір әттегенайы – ауыл іргесінде қоныс тепкен «Потенциал Ойл» мұнай компаниясы өндіріс орнынан бөлінетін зиянды газ болып тұр. Бұған дейін талай мәрте облыс, аудан басшыларының алдына қойылған экология саласындағы бұл мәселе құзырлы органдар қарауына да жіберілген. Арнайы тексеріс тағайындалып, мұнай компаниясына айыппұл салынып, мемлекет меншігіне айыппұл өндірілген де кездері болыпты. Осы мәселеге назар аударуды өтінген жанбайлықтардың өтініші қаперге алынып, хаттамаға енгізілді. Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзажан Балпановтың денсаулығы нашар ардагерлер үшін шипажайларға сауықтыру жолдамасын бөлу, басқа да тұрғындардың жастарды жұмыспен қамту, балық өндірісін жолға қою мәселелері бойынша облыстық мәслихат депутаты тиісті мекемелерге арнайы хат жолдап, депуттатық сауал жолданатындығын айтты.

Депутаттың жеке қабылдауына жазылған тұрғындар қарасы қалың болғанын атап өту керек. Тіпті, оған көршілес Исатай ауылдық округінен де арнайы келді. Жеке басының, туысының, балаларының, отбасының мұң-мұқтажын арқалай келгендердің сауалы негізінен жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, материалдық көмек мәселелері бойынша өрбіді. Тек Ерғазиев Нұрхат есімді жеке қожалық басшысы аудан аумағындағы Үштаған елді мекеніне жарық бөлетін жел генераторын қондыру бойынша мәселе көтерді.

Жалпы жиналыс реті кең көлемде пікірлесу, жастар, ауыл ақсақалдары және зиялы қауым өкілдерімен дидарласуға ұласты. Басқосу соңында партия күніне орай ауыл тұрғындары арасынан «Нұр Отан» партиясына жаңа қабылданған тұрғындарға партия билеті табысталды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521