Жанеркем мен Жанельдің баспаналы болуына жәрдемдесейік

Бұған дейін де Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінен елде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шараларының қоғамға оң әсер бергенінің куәсі болып келемін.

Мәселен, өткен жылы Х.Ерғалиев ауылында қоғам белсенділері мен еріктілердің бастамасымен біраз игі іс жүзеге асты. Үйі өртенген бір ауылдасымызға, көз жанарына зақым келген сәбилерге де ел азаматтары мен атқамінерлері қолдау көрсетіп, игі шаралар жалғасын тауып келеді. Қоғам үшін шырылдап, елде «болсыншы» деп жүретін шын жанашыр жандардың қатары артып келе жатқаны да көңілге медеу.

Қайырымдылық, өзгеге жақсылық жасап, жан жылуын сыйлау, адамгершілік, адамдықтың асыл қасиеттердің бірі екенін білеміз. "Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады", яғни шын ниетпен өзгеге жасаған әр жақсылықтарыңыздың өзіңізге сауабы мен қайыры болады" делінген хадистерде. Сондықтан аз ғұмырымызда баршамыз жақсылық жасауға асығып, сауап жинасақ айыбы болмас.

jan-jan

Осы орайда айтқым келгені, қайырымдылық көмекке зәру жандар әлі де аз емес. Солардың бірі - Х.Ерғалиев ауылының кішкентай тұрғындары Жанеркем мен Жанель. Бұл балақайлардың өз үйі - өлең төсегі жоқ, әр есікті жағалап үй жалдап жүргеніне 11 жылдың жүзі болған. Әкелері Жантілеу Айдаралиев бала жастан мүгедек, денсаулығына байланысты заңды түрде жұмысқа орналаса алмайды. Аналары Нұргүл қан қысымы, омыртқа құяңы секілді созылмалы аурулармен есепте тұр, ауыр еңбекке жарамсыз екен. Отбасы бүгінгі күні өз бетімен үй сатып та, салып та алуға қауқарсыз. Алдағы күндері күні бүгінге дейін отырған үйлерін босатуға тура келгендіктен, кішкентай бүлдіршіндер далада қалғалы тұр.

Қабырғалы қалың ел отырып, ата-анасы ауру-сырқаулы бүлдіршіндердің әр жерде жүруіне жол бермейік деп үн қосқым келді мен де. Олардың да басқа балалар секілді алаңсыз өсуіне қолдан келгенше жәрдем берейік! Барша жүрегі жылы қайырымды жандар мен ауданымыздағы ерікті топтардан осы қайырымдылық іске атсалысып, Жанеркем мен Жанельдің баспаналы болуына жәрдемдесейік деп үндеу жолдаймын! Сіз бен біз болып, осы істің де сәтті аяқталуына куәгер болайық дегім келеді.

Ақкенже ЖҰМАТОВА,

еңбек ардагері.

Х.Ерғалиев ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521