Жарайсың, Диана!

Елордада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты және «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Ы.Алтынсарин атындағы І республикалық олимпиада» республикалық байқауы өтті.

Дарындыларды анықтау, оқушылар мен студенттердің зерттеушілік, ғылыми ойлау қабілеттерін дамыту, ұлттық идеяны насихаттау мақсат тұтылған білім додасына еліміздің орта, кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары қатысты. Елдік сынға біздің сыныптасымыз Диана Құзыреденова да өз жұмысын алып барған еді.

Бірінші кезеңнен сәтті өткен Диана екінші кезеңге жолдама алған көптің арасынан оза шауып, жүлделі бірінші орынды иеленгені мектебіміздің, ауданымыздың, қала берді облысымыздың абыройын асқақтатып оралды. Ұлы педагог, ағартушы Ы.Алтынсаринның білім саласындағы орасан зор еңбегінің қазір де ерекше маңызға ие екені туралы өз ұсыныстары мен ұтымды пікірлерін ортаға салып, көптің назарын аудара білген сыныптасымыздың ұшқыр ойы қазылар алқасының көңілінен шығып, жылы лебіз білдірілгені бізді де қатты қуантты. Динараның бұл жетістігін мұғалім беделінің биіктей түсуіне де қосқан өзіндік үлесі деп те айтуымызға болады.

Кең көлемде өткен атаулы байқаудан І дәрежелі дипломмен қоса «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен» де марапатталған сыныптасымыздың еңбегі жинаққа енгізілді. Өзінің үздік оқуымен, үлгілі тәртібімен көрініп жүрген «Алтын белгі» үміткері Дианаға біз, сынып жетекшіміз Әсел Адайбекқызы бастаған 11-сынып оқушылары алға қарай да алар асуларының көп болуын, биік-биік шыңдарды бағындырып, қазақ елін әлемге танытатындай тұлға болуды, ал оны осы байқауға дайындаған жетекшісі, мектеп басшысы Ғимади Молдағазыұлына өз еңбегінің жемісін көре беруді тіледік.

Жұлдыз АНУАРБЕКОВА,

Х.Наубетов атындағы орта мектептің 11«а» сынып оқушысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521