«Жарқырада» жарқыраған жобалар

Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы жиі айтыла бастады. Біз естіп жүрген шағын және орта бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерліктің айырмашылығы неде, пайдасы қандай? Бұл жөнінде «Атамекен» ҰКП Исатай ауданы бойынша филиалының директоры Нұрым Мусин түсінік берді.

Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік – әлемде кең таралған ұғым. Ал, Қазақстан үшін жаңа тренд. Негізінен, әлеуметтік-экологиялық мәселелерді шешуді көздейтін бизнес түрі. Қоғамда көптеген мәселелер кездеседі. Олардың кейбіреулерін әлемнің дамыған елдері бизнес ортаға жіберу, яғни әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау арқылы көптеген түйткілдің түйінін тарқатып келеді. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу арқылы ауыл тазалығы мәселесін шешуге болады және кәсіпкерге де табыс табуына мүмкіндік мол. Сондай-ақ, кәсіпкер белгілі бір аумақты көгалдандырып, ағаш отырғызып, демалыс орнын ашса, көрсеткен қызметіне қарай табыс табуына болады. Ал, тал отырғызылып, теректер жайқалып тұратын болса, қоғам үшін де тиімді, экологияға да пайдасы зор. Айта берсе, мұндай мысалдар жетерлік.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің көздейтін тағы бір мақсаты – әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, жұмыспен қамту. Бірақ, бір нәрсені естен шығармаған жөн. Кез келген кәсіпкерлік субъектісі пайда табу үшін жұмыстанатыны секілді, әлеуметтік кәсіпкерліктің де пайда табу тетіктері болуы заңдылық. Оны қайырымдылықпен шатастырмау керек. Тиісінше, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірқатар ынталандыру шаралары бар. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер саны 51 пайызды құрайтын ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады, мүлік салығын есептеу кезінде жеңілдіктер жасалады. 2021 жылы елімізде «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң қабылданды. Аталған заңда Салық кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері, сыйақы ставкасын субсидиялау, нысан арендасын төлеу, мемлекеттік мүлікті өтеусіз шарттармен жалға беру, ақпараттық-консультациялық және методикалық қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, мемлекеттік гранттар ұсыну сынды жеңілдіктер қарастырылған. Заң бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік саласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, зейнет жасындағы кісілерді, бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарды жұмысқа тарту көзделген.

Өңіріміздегі  әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп жүрген жобалардың бірі – «Жарқыра» жобасы. Ол Орта Азияны дамыту қоры «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты, жоғарыда айтып өткеніміздей, Атырау қаласы мен аудандардағы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін тұрақты кәсіпкерлік шешіммен қамтамасыз ететін әлеуметтік инновациялық бастамаларды қолдау. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші – іріктеу кезеңі, екінші кезеңде қатысушылар таныстыру семинары мен тренингтен, сондай-ақ тағылымдамадан өтеді, кеңес алып, соңында бизнес-жобаларын қорғайды. Оқытуға басқа өңірлерден біліктілігі жоғары жаттықтырушылар келеді. Үздік жобалардың авторлары қаржылай қолдаулар алады немесе жобаларын жалғастырушыларға – 4,3 млн. теңге, стартаптар (кәсібін жаңадан бастап жатқандар) үшін 2,0 млн. теңге көлемінде пайызсыз несие алуларына мүмкіндіктері болады.

«Жарқыра» жобасына ауданымыздан жиырманың үстінде әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы ұсынылып, бүгінгі таңда екеуі екінші кезеңге өтті. Соның бірі – Маргарита Меңдіғалиеваның мүмкіндігі шектеулі және ерекше күтімді қажет ететін балаларға массаж қызметін көрсету, олардың ата-аналарына массаж жасауды үйрету жобасы. Жоба авторының айтуынша, науқас балаға онкүндік курстарға жазылып, массаж алу тиімсіз. Ерекше күтімді қажет ететін баларға емдік шаралар үнемі жасалғаны дұрыс. Сондықтан дәрігер нұсқау берген массаж түрлерін ата-аналар өздері үйреніп, күнделікті жасап отырулары керек.

- Мен тұрғындарға әртүрлі емдік массаждар жасап, қызмет көрсетіп келемін. Мені үнемі мазалайтыны, ауданда ерекше күтімді қажет ететін балалардың бар екені, соларға бір көмегім тисе деп ойлаймын. Сондықтан мен кәсібіме әлеуметтік қырынан да қарай бастадым. «Ата-аналарға массаж жасауды үйретсем, науқас балалардың емделуіне септігі тие ме» деген ойым бар, - дейді ол.

Жобаның екінші қатысушысы – Әнет Аухатов. Оның жобасы білім саласына қатысты. Әнеттің айтуынша, айналамызда ой-өрісі, ойлау қабілеті жоғары оқушылар бар. Мектеп бағдарламасында барлық балаға бірдей мүмкіндіктер жасалады, барлық оқушының құқығы тең қарастырылады. Ал, шын мәнінде әр баланың қарым-қабілеті әртүрлі. Дарынды балалардың ой-өрісін одан әрі дамытуға мүмкіндіктер жасалуы керек. Қазір әлемде ғылымды өндіріске пайдалана білген елдер экономикалық жағынан алға шығып жатыр.

- Мен ауданнан роботехника жасау үйірмесін ашқым келеді. Балалар курстан робот құрастыруды, оны белгілі бір қызметті атқаруға программалауды үйренеді. Мұндай курс-тар еліміздің оңтүстік өңірлерінде жақсы дамыған. Оны үйретудің методикалары да бар, - дейді жоба авторы.

Айта кету керек, бұған дейін ауданымыздан бірде-бір «Жарқыра» жобасына қатысушы грант иеленіп көрген жоқ. Осы жолы екі қатысушымыз жобаның екінші кезеңіне өтті. Енді, екінші кезеңде өз жобаларын қорғай алса, грант иеленуге мүмкіндіктері бар.

Нұрболат НҰҒМАН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT