Жарықты желіден емес, желден аламыз

Бүгінгі таңда Нарын ауылдық округіне қарасты Манаш елді мекенінің маңында желден қуат алуды қамтитын аса ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы қуаты 52 мегаватты құрайтын бұл кешен 36 жел электр қондырғысынан құралатын болады. Олардың әрқайсысының салмағы шамамен 230 тонна, биіктігі 100 метрден асады. Құрылыс жұмыстарына Каспий теңізі жағалауындағы Манаш ауылы маңының таңдалуы кездейсоқтық емес. Зерттеулерге сәйкес, бұл жерде желдің жылдамдығы секундына 10-12 метрге жетеді екен.

Ал, болашақ электр станциясының тұрақты жұмыс істеуі үшін 4 м/с жеткілікті. Электр станциясының құрылысы жаңартылған электр қуаты көздерінің құрылысын дамытуға арналған бағдарлама негізінде жүргізілуде. Жоба жел парктерін салуды, сондай-ақ «Атыраужарық» АҚ-ның желілеріне қосылатын екі қосалқы станцияның құрылысын салуды көздейді. Жоба «ВетроЭнерготехнологии» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылуда.

– Жобаның құны 12,3 млрд. теңгені құрайды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2020 жыл. Бұл станция Атырау облысында өндірілетін барлық электр қуатының 13-14 пайызын өндіретін болады,-дейді энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаев.

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT