Соңғы кездері «Жастар ауылдан неге қашуда?» деген сарындағы әңгіме жиі айтылатын болды.
Ал сонда «Қала тірлігі жастарды несімен баурап алады?», «Ауылға жастар неге тұрақтамайды?» деген сауалдар кім-кімді де ойландыратыны сөзсіз. Осы сауалдарды біз жақында біраз жастарға қойып көрген едік.
Сонымен біреулері: - Дәл қазіргі уақытта ауыл жастарының жағдайы нашар деп айтудан аулақпын. Өзіміз де аудан орталығына келген жас мамандармыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша келген едік. Бірақ, келешекте қалаға кетуді ойлаймыз. Меніңше, бұл – заңдылық. Ауылдан бастап, кейін қалаға кету кез келген бүгінгі жастың ойы. Шынын айтқанда, дәл қазіргі уақытта жастарды ауылға тартатын бір-ақ нәрсе. Ол – мемлекеттік бағдарлама. Барлық жағдай жасалып жатыр десек те, ауылмен қалалық жерді салыстыруға болмайды. Өйткені, қалада орта басқаша.
Сондай-ақ, ауыл жастарының ең негiзгi мәселесi жұмыс орнының жоқтығына келiп тiреледi. Жастар қалаға лажсыздан, ертеңгi нанын тауып жеу үшiн барады. Елiмiзде жұмыссыздардың денi – ауыл жастары. Ауылдың гүлденуi әрбiр жастың өзіне байланысты. Егер жастар шынымен де, болашағын ауылмен байланыстыратын болса, оған ештеңе кедергі келтірмейді,-дейді.
Екіншілері: - Қазір ауылда жастар азайып барады. Себебі, жұмыс жоқ. Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орны аурухана мен мектеп қана. Ауыл жастарының көзiмен қарағанда, ауылда басқа баратын нысан жоқ. Сондықтан олар қалаға кетiп қалады. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жетерлік. "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi", "Дипломмен – ауылға!", "Жасыл ел" сынды бағдарламалар бар. Ауылда мәдени, спорт, медицина, бiлiм беру салаларын дамытуға үлес қосатын, бос уақытты мағыналы өткiзетiн нысандардың қатарын көбейту керек. Ауыл жастарының шешiлмеген мәселелерi де жоқ емес. Ауылда жастардың серуендейтiн, кешкi уақыттарда демалатын орындары жоқтың қасы. Мәдениет үйi бар, дегенмен, онда өтіп жатқан мәдени кештер жастарды қызықтырмайды. Ал аудан орталығынан шалғай ауылдарда жастарға арналған орталар жоқ деуге болады. Сондықтан да жастар ауылда тұрақтамайды, -деген уәжін алға тартады.
Ал үшіншілері: -Ауыл жаныма жақын. Десе де, келешекте қалада тұрғым келеді. Қала деген не? Қала дегенiмiз – жанға жайлы жер. Қазір жастарға "ауылға барыңдар" деп жатыр. Мен, керісінше, «жастар қалада тұрақтаңдар» дер едім. Оқуымды бітірген соң, амал жоқ, еңбек жолын ауылдан бастаймын. Бірақ, міндетті түрде қалаға ораламын, -деген пікірде екен.
Сіз не дейсіз?
Кабира КАЮМОВА, Тұщықұдық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы:
- Біз жастарды жалқау демей-ақ қоялық. Біразы ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, соған бейімделіп алған. Аз жұмыс істеп, мол ақша тапқысы келеді. Ал біле-білгенге, негізгі кәсіп ауылда емес пе? Ізденгенге жүз түрлі жұмыс бар. Кеңшарлар тарағанымен, ұжымдасып мал бағып, жерге ие болып, мая-мая шөп жинап, егін егіп, бақша салып, тірлік жасауға мүмкіндік мол. Құрылыс та баршылық. Толып жатқан кәсіп түрі де жеткілікті. Айталық, кез келген ауыл, елді мекенде шаштараз, етікші, тігінші, сауданың сан түрі, мал өнімін өңдеу, қатық, құрт, ірімшік, қаймақ, сүт, қымыз, шұбат өндіру бар емес пе? Тіпті, түрлі тамақ пісіріп, кей мекемелерге апарып сатуға да болады. Тары, талқан, сарымай, жент дейсіз бе, бәрі ауылдан өндіріледі. Қолөнер бұйымдарымен шұғылдану, жүн өңдеу, көрпе құрап, сырмақ тоқу, текемет басу секілді сан түрлі шаруамен айналысуға болады. Аяқ астында жатқан осыншама байлықты игермеу ұят енді.
Аяпберген Салихов