«Жастар жылы - жаңа мүмкіндіктер кезеңі»

Байқап қараған адамға талантты, талапты жастар ауылдық жерлерде де аз емесін айқын аңғаруға болады.

Өнерін ұштап, білімін жетілдіріп, кәсібін дөңгелетіп жүрген соларды көргенде, еріксіз риза боласың, басқаларына үлгі еткің келіп тұрады. Тұщықұдық ауылдық округіндегі шаруагер жас Нұрхат Құмарбеков - солардың бірі. «Жас келсе, іске» деген сөздің дұрыстығын дәлелдеп жүрген ол бүгінде атакәсіп – мал шаруашылығына маманданып та үлгерген жан. Құрылғанына төрт жылдан енді асып жатса да, ол басқаратын «Құмарбеков Н.» шаруа қожалығы - қазір анау Нарын құмындағы Қойшыбай қыстағында бағымдағы төрт түлікті қыстақтан ойдағыдай өткізіп жатқан іргелі шаруашылық. Сол төрт түлікке жыл соңында Жылыой ауданындағы «Достан ата» шаруа қожалығынан сатып алған 340 бас асыл тұқымды еділбай қойы және қосылып, шаруасының да шалғайы ұлғая түскен жайы бар екен.

Енді міне, жас шаруагер үшін Елбасының Жарлығымен «Жастар жылы» аталған жаңа жыл да жағымды жаңалығымен басталды. Бүкіл елімізден өз қатарының алды саналатын жастар жиылып, Елбасының қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты атаулы жылдың ашылу салтанатында біздің Нұрхат та болды.

Онымен сол жиыннан ауылға оралған бойында тілдесудің сәті түсіп, аз-кем әңгімеге тартқанбыз.

-  Иә, мен де облысымыздан барған делегация құрамында болдым. Әр салада табысты еңбек етіп жүрген осынау атыраулық жастар тобын облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан бастап барды,-деген шаруагер жігіт салтанаттан алған әсерімен де бөлісті.

-  Форум әйгілі «EXPO-2017» көрмесінің ең басты ғимараты болған «Нұр-Әлем» көрме кешенінде өтті. Өздеріңіз де тікелей эфирден тамашалаған шығарсыздар, салтанатты жиында жастарға қатысты көп мәселе айтылды ғой. Жастарды қолдау жолында сапалы, қолжетімді білім, тұрақты жұмыс, баспана, басқа да мәселелерге тоқталып, бұған жастардың өздері де, мемлекет те аса маңыз беруі қажеттігін айтқан Елбасымыз Үкіметке жастарды қолдауға бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді. «Қазақ айтады ғой, ғұмырың қамшының сабындай ғана деп. Бұл өмір зу етіп өтіп кетеді». Осылай деген Елбасы жастарға уақытты босқа өткізбеу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, қарттар үйіндегі қарияларды көргенде қабырғасы қайысатынын жастардан жасырмаған Елбасымыз әке-шешені бақпау қазаққа жат ұғым саналатынын сараптай келе ұлттық тәлім-тәрбиені ұмытпауға шақырды.

Өзінің әсерін осылай бөліскен шаруагер жас Нұрхат Елбасының жастарды қолдауы, ауыл шаруашылығына қатысты айтқан оң пікірі де өзіне үлкен ой салғанын, Жастар жылы жастар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі болатынына сенімді екенін де білдірген. Сондай-ақ ол жастарымыздың өзі жүрген салада ұдайы ізденіс танытып, ерінбей еңбек еткенде ғана өзі үшін, отбасы үшін, Отаны үшін пайдалы іс қылары анық деген ойымен де бөлісті.

Суретте Н.Құмарбеков (сол жақтан бірінші) Жастар жылының ашылу салтанатына қатысқан атыраулықтармен бірге.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521