Соңғы жылдары сөздік қорымызда «жасыл экономика» деген сөз пайда болды. Осы орайда біз де «жасыл экономика» деген не?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Қазіргі кезде еліміздің өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және өсіп келе жатқан шөлейттенуді ауыздықтау үшін бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндет жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінгі таңда табиғаттың ластануына бейжай қарамауымыз керек. Өкінішке қарай, климаттың өзгеруі нашарлап барады. Орталық Азияда кейінгі 30 жылда орташа жылдық температура шамамен бір градусқа көтерілді. Өңірі де негізгі өзен бассейндерінің және биоәртүрліліктің азаюы үлкен алаңдаушылық туғызады. Булануды арттыратын газдар мен ауаның ластануы мәселені ушықтырып жатыр. Бүгінде «жасыл даму» мақсаттарына қол жеткізу үшін елдердің күш-жігері анағұрлым белсенді және тиімді болуы керек.«Біз жүргізіліп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық реформалармен қатар жүруі тиіс екеніне сенімдіміз. Дәл осы тәсіл бізге орташа табыс тұзағынан шығып, дамудың келесі деңгейіне өтуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз шын мәнінде нарықтық, еркін және бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған ел үшін жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырып жатырмыз. Жасыл экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады, ол 2060 жылға қарай нөлдік шығарындыларға оңтайлы жол береді, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жасыл экономика» өткен ғасырдың аяғында экономиканың бір саласы ретінде пайда болды. Бұл шаруашылық табиғи ортаның құрамдас бөлігі болып табылады және оның бір бағыты. Жасыл экономика тұжырымдамасы табиғат пен қоғамға қатысты экологиялық экономика, ресурсқа негізделген экономика, халықты дамыту және жасыл саясатқа қатысты экономика сияқты экономикалық ғылым мен философияның көптеген басқа салаларындағы идеяларды қамтиды. «Жасыл экономика» – экономикалық жүйе, оның басты мақсаты – планетамыздың экологиясын сақтай отырып, экономиканың барлық салаларын дамыту. Осылайша, жасыл экономика адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен экологияға қажетті ресурстарды сақтай отырып, өндіріс пен қызмет көрсету салаларына байланысты экономиканы одан әрі дамытуға негізделген экономикалық қызметтің жаңа бағытын білдіреді.
Бұл жағдайда келесі шараларды орындау қажет. Біріншіден, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және олардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру үшін экология мен қоршаған ортаға зиян келтірмей, материалдық игіліктерді жасауды арттыру.
Екіншіден, энергия ресурстары өндіріс пен экономиканы дамыту үшін қажет, оны жаңартылатын энергия көздері, қоғамдық көліктерді электр көліктеріне ауыстыру, энергияны үнемдейтін ғимараттар салу арқылы көбейту керек. Үшіншіден, қоршаған ортаға зиянды газдарды шығармайтын экологиялық таза технологияларды жасау арқылы экологиялық таза өнім өндіруге ерекше мән беру қажет. Төртіншіден, халықтың үнемі өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоршаған ортаны қорғай отырып, қанша өндіру керек, қалай өндіру керек, кімге өндіру керек деген мәселелерге үлкен мән берілуде. Сондықтан «жасыл экономикада» адамдардың, табиғаттың және экономиканың үйлесімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып әрекет ету қажет.
Қазіргі қоғамда «жасыл» экономика сөз тіркесі барынша жиі қолданыла бастады.Бірі бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа салалары деп түсінеді. Басқалары бұл сөзді табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялар ретіндегі экожүйенің өзіндік түрі деп есептейді. Үшіншілері, бұл мақсаты экологиялық таза өнімдерді құру болып табылатын дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп есептейді.»Жасыл экономиканы» дамытуда Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттері алдыңғы орында. Олар «жасылдануды» дамыту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Біз әлем елдерінің оң тәжірибелерін пайдаланамыз. Бүгінгі таңда әлемде экологияға қатысты көптеген проблемалар бар. Күн сайын табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанып жатыр. Сондықтан да адамзат үшін жасыл экономикаға көшу міндетті болып отыр. Балама қуат көздерін қолдану, тұрғындардың таза ауыз суды тұтынуы және өндіріс қалдықтарын қысқарту мақсаттарын жүзеге асыру барысында ауқымды жұмыстар бар.
«Жасыл экономика» — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл экономика» (GEI) бойынша БҰҰ бастамасы 2008 жылы қаржы-экономикалық дағдарысқа жауап ретінде бастау алып, БҰҰ Бас хатшысы және БҰҰ жүйесі басшыларының Үйлестіру кеңесі ұсынған тоғыз Бірлескен дағдарыс бастамасының бірі болды. Сонымен бірге, басқа да бірқатар термин, мысалға «жасыл өсім» немесе «экономиканы көгалдандыру» сияқты өзара алмастыратын терминдер ретінде пайдаланылып, кеңінен таралған.«Жаһандық жасыл жаңа бағыт» тұжырымдамасы 2009 жылы көптеген банктер мен кәсіпорындар банкротталып, ал миллиондаған адам жұмыссыз қалған кезде Қоршаған орта бойынша БҰҰ Бағдарламасымен (ЮНЕП) алға жылжытылды. Жаңа, озық кәсіпорындар құрып, жеткілікті жұмыс орындары санын құру міндеті алға қойылды. «Жасыл экономиканың» маңызды мақсаты – эко жүйелердің маңыздылығын және ұлттық және жаһандық экономикалық өмірдегі орталық орнын түсіну болып табылады.«Жасыл экономика» бойынша бастама үш басты принципке негізделген: Ұлттық және халықаралық деңгейлердегі табиғи қызметтерді бағалау және алдыңғы қатарға шығару; «жасыл» жұмыс орындарын құру және сәйкес саясат қалыптастыру есебінен халықты жұмыспен қамту; тұрақты дасуға қол жеткізу үшін нарық тетіктерін пайдалану.
Мамандардың айтуы бойынша «жасыл экономиканы» дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары экология мәселелері үнемі елдің назарында. Олар әртүрлі әлемдік симпозиумдарда, ғылыми конференцияларда одан басқа әлемдік державалардың басшылары басқосқанда кеңінен талқыланады.Біз үнемі климаттың өзгеруі, жер атмосферасының ластануы, ормандардың кесілуі және басқа экологиялық мәселелер жөнінде газет беттерінен және журналдардан, теледидар экрандарынан, интернет сайттарынан оқимыз және естиміз. Жағдай еш өзгермей жатыр деп айтуға да болмайды. Көптеген елдер Киот хаттамасына қол қойып, оның нормаларын қатаң ұстануда.Соған қарамастан, адамдардың Жер экологиясына негативті әсері жалғасып және ол қайғылы, одан қоса тұрақты салдарға жиі әкеліп жатыр. Адамдардың денсаулығы нашарлап, бұрын адам баласы естімеген ауруларға кезігіп, су және энергия ресурстарының тапшылығы байқалып отыр. Өкінішке қарай, экология мәселелері және оның барлық аймақтар дамуына қандай қауіпті әсері болатындығын Қазақстанда өте жақсы біледі. Біздің ел кеңес кезінен бастап, Аралдың құрғап кетуі және Семей полигоны сияқты экологиялық мәселелерді бастан кешті. Адамдардың тікелей қатысуымен және су ресурстарын негізді қолданбауы салдарынан теңіз құрғап қалды.Қызылорда облысының тұрғындары экологиялық баланстың бұзылуы салдарынан және негізсіз шаруашылық қызмет еткеннен қорқынышты жайттарды өз бастарынан кешті. Осы аталған мәселелерге қарамастан, Қазақстан әрқашан экологиясы жайлы ел деп саналатын, орасан зор территория өнеркәсіп аймақтарын бір-бірінен алыс орналастыруға мүмкіндік берді, сондықтан, олардың экологияға әсері сиректетіліп, соншалықты қауіпті болған жоқ.
Бақытымызға орай, республикамызда әлі де адамзат қолы тимеген жерлер сақталған. Өнеркәсіптің даму қарқыны, еліміздің өсуі мен болжанған ресурстар тапшылығы, еліміздің Үкіметін, экологиялық мәселелерді жаңаша қарауға және Қазақстанды жасыл экономикаға өтуіне итермеледі.Жасыл экономика бұл экономикалық теориядағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. Осындай тәсіл, экономиканың табиғатпен байланысын және қолдану принциптерін өзгертеді де, ол мынадай шекті, қорландыру және табиғи ресурстарды жұмсау деген терминдерді анықтайды.Жалпы алғанда, осы бетбұрыс біздің елге қай жағынан және қалай пайда әкелетінін білу үшін, әрине, шетел тәжірибесіне үңіле көз жіберу маңызды. Бұл мәселеде түптеп келгенде ұтылудан ұтудың көп екендігін алғаш болып Оңтүстік Корея дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Бұл елде 2011 жылдан бері экономиканың «жасыл» секторын дамытуға 60 миллиард АҚШ долларын бағыттау жоспарланған болатын, осы ретте 1,8 млн. жұмыс орны ашылды. Оңтүстік Корея бүгіннің өзінде жыл сайын «жасыл» секторға ІЖӨ-нің 2%-ын инвестициялайды. Ұлттық стратегия шеңберінде жасыл өсім тұжырымдамасын алға қойып отырған елде негізінен үш элементке басты назар аударылады. Олар: өнеркәсіп, инвестиция және энергетика, сонымен қатар, тұщы судың баламалы көздеріне, қалдықтарды өңдейтін технологиялар мен парктердің дамуына мән береді.
Ал АҚШ-та «жасыл» экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде баламалы энергетиканы дамыту жолға қойылған. Кез келген әлемнің неғұрлым дамыған елдері «жасыл» экономика қағидаттарын ұстанады. Атап айтсақ, Моңғолия, Қытай сияқты елдер де басшылары жария еткен өршіл «жасыл экономика» жоспарларын жүзеге асыруда. Мысалы, Бразилияда топырақты күтіп ұстаудың, ауылшаруашылық өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетілдірілген жүйесі есебінен ауылшаруашылық жерлерін қалпына келтіру жүргізілді. Немістің Дортмунд қаласы көмір индустриясы орталығынан «Үшінші индустриялық төңкеріс» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектор орталығына айналды.
2012 жылы өткізілген «РИО + 20» саммитінен кейін қазақстандық қоғамның күші «жасыл» экономикаға ауысу бойынша стратегияны іске асыруға бағытталған. «Жасыл» экономикаға ауысу бойынша тұжырымдама әзірленді. Тұжырымдамада бірінші кезекте басты түрде экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттер тізбесі ұсынылды.
Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер:
- ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін көтеру;
- қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу;
- қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын көтеру;
- ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін көтеру болып табылады (www.strategy.kz).
Тұжырымдаманы іске асыру үш кезеңде жоспарланады:
- бірінші кезең — 2013–2020 жж. – қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғат пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, «жасыл» инфрақұрылымды құру;
- екінші кезең — 2020–2030 жж. – табиғи қорларды тиімді пайдалану, жоғары технологиялар базасында жаңартылатын энергетиканы енгізу;
- үшінші кезең — 2030–2050 жж. – олардың жаңартылуы жағдайында негізіне табиғи қорларды пайдалану қойылған, ұлттық экономиканың «үшінші өнеркәсіптік революция» қағидаттарына ауысуы.
Жобаны іске асыру бағыттарына келетін болсақ, жоспар ашық түрде айқындалды.
Бірінші бағыт — жаңартылатын энергия көздерін енгізу.
Пайдалы қазбаларды әрі қарай сақтау туралы мәселе орасан ауқымға ие болады. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Мұнай, газ – бүкіл дүние жүзінде ең ірі энергетикалық қорлардың бірі ретінде сыныпталады, бірақ тіпті олардың өзі уақыты келгенде сарқылады, демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет. Бұл ретте Қазақстаннның жақсы экожүйеге, жер қыртысына және орманға ие болуы айғағы басқа елдер алдындағы өзінің ұстанымын айтарлықтай арттырады.
Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі.
Қалалық тұрғын үй қорының маңызды бөлігі кеңестік дәуірден кейінгі уақытта салынғандықтан, тұрғын үй кешендерінің көпшілігі тиімсіз жылу изоляциялық құрылымдармен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерімен жабдықталған, ол маңызды жылу шығындарына алып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету аспаптарының жұмысының істен шығуы саласындағы іс-шараларды жүзеге асыратын энергия сервистік компаниялары әрекет етеді.
Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органика-лық егін шаруашылығы
Бірінші кезекте бағыттың аталмыш түрі әр түрлі азық қоспаларынан, синтетикалық тыңайту өнімдерінен (пестицидтерден) бас тартуды қарастырады. Дақылдық өсімдіктердің шығымдылығын, өсуін қамтамасыз ету үшін органикалық тыңайтқыштарды пайдалану туралы сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығын «көгалдандыру» табиғи қорларға зиян келтірместен, халыққа азық-түлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан мынадай бағыттар бойынша әрекет етуді жоспарлайды:
- жердің құнарлылығын басқару;
- суды тиімді пайдалану;
- өсімдіктер және жануарлар денсаулығын басқару;
- фермаларды механикаландыру.
Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру
Қалдықтарды басқару мәселесі ерекше танымалдылыққа ие болды. Лас көшелер, үйінділер және қандай да бір болып жатқанға бақылаудың жоқтығын жиі кездестіресіз. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қалдықтарды өндірістік өнімнің қайталама өнімі ретінде пайдалану ұсынылған. Осылайша, мысалы қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді қайта өңдеу және балама отынды алу технологиясы Алматыда іске асырылуда.
Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру
Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы болып қала береді. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану орасан ауқымға ие болатын мәселе болып қала береді.
Алтыншы бағыт – «таза» көлікті дамыту
Қазіргі уақытта тасымалдардың басым бөлігі бензин (дизель) негізінде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте бұл парник газдарының жоғары шығарындыларына жағдай жасайды.
Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару
Осы бағыттардағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономикасы» аясында түрлену ЖІӨ-ді қосымша үш пайызға арттырып, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, өнеркәсіптің жаңа салаларын қалыптастырау, халыққа барлық жерде өмір сапасының жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Горизонт-2020» атты Еуроодақтың зерттеулер мен жаңа технологиялар арнайы бағдарламасының ұлттық координаторы Камила Мағзиева Caravan.kz берген сұхбатында жасыл экономикаға еліміз толыққанды дайын деп есептейді.- Қазақстан барлық құнды бұлақ-қайнарға бай керемет ел десем артық болмас. Мысалға, каучук неден жасалады? Бразилиялық гевеядан істеледі. Ал біздің елімізде оған альтернатива бола алатын көксағыз өседі. Көптеген зерттеулер оның жасанды каучуктың орнына пайдалануға тұрарлық табиғи өсімдік екенін дәлелдеді. Кім білер, мұнай ертең бітіп те қалуы мүмкін. Бітпесе де, оның қоршаған ортаны қаншалықты ластайтыны бәрімізге мәлім. Ал сол уақытта, біз осындай табиғи өсімдіктен таза өнімдер істеп, оны халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мысалға, аталып өткен көк-сағыздан биопластик істеуге болады. Одан өз кезегінде автокөліктерге арналған дөңгелек шығара аламыз. Ең бастысы, пайдаланылған көксағыз утилизацияға ұшырай алады. Бір сөзбен айтқанда, осындай керемет табиғи өнімдер аяқ астымызда жатыр. Бізге тек оны байқап қана қоймай, жасыл экономика аясында жүзеге асыруға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Дамудың «жасыл» жолына көшу барысында алға қойылған негізгі бағыттардың орындалу деңгейін атап көрсеткеніміздей, бүгінгі күні ел үшін ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туындап отыр.
Дайындаған
Аяпберген САЛИХОВ