Жат ағымға қашан тоқтау салынады?

Үстіміздегі жылы Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев «Облыс тұрғындарының дін саласындағы сұрақтар бойынша сауаттылығын арттыруға, теріс діни идеологияның алдын алуға, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыс жоспарын» бекіткен болатын.

Осыған орай өткен аптада облыстық дін істері басқармасы ақпараттық талдау орталығының дінтанушы мамандары сапармен ауданымызда болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы үш күнге созылған ауқымды ұғындыру жұмыстары кезінде мамандар ауданымыздағы көптеген салалар мен ауылдарды қамтыды. Атап айтқанда, екпе алудың маңыздылығы мәселесі бойынша аудандық емханада медицина қызметкерлерімен,«Жайық-мұнайгаз» МГӨБ «С.Балғымбаев» кен орны өндірістік алаңында мұнайшылармен, «Атырау-Жарық» аудандық филиалында мекеме қызметкерлерімен, Х.Нәубетов, Новобогат орта мектептерінде жоғары сынып оқушылары және ұстаздармен, сондай-ақ Жанбай, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар, аудандық әкімдікте өткізілген басқосуда да мектеп директорлары, тәрбие жөніндегі орынбасарлар, дінтану, денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері, психологтар, жоғары сынып жетекшілері, «Барыс» клубының жаттықтырушылары, мемлекеттік қызметшілер, аудандық Әділет, төтенше жағдай, қорғаныс, өрт сөндіру саласының, халыққа қызмет қызмет көрсету орталығының және теміржол қызметкерлері аталған тақырыпты талқылау шарасынан тыс қалған жоқ.

Барлық кездесулерде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Махмутов, ақпараттық талдау орталығының маманы Е.Насимуллин, Жастар ресурстық орталығының басшысы Г.Талғатқызы, «Зинеден ата» мешітінің бас имамы Б.Ағыбаев және аудандық газеттің бас редакторы А.Мұратов қатысып, шараның қоғамдық-саяси маңыздылығын, оның елішілік толеранттылық пен тәрбие сапындағы рөлін айқындауға үлес қосты.

Облыстық дін істері басқармасының ақпараттық талдау орталығы оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы А.Қабижан, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек қоғамдық қорының дінтанушылары Е.Абзалов, М.Омаров, Н.Жетпісбайқызы соңғы кездері намазға жығылдым, иманымды бекіттім дей отыра, еліміз ұстанатын ханафи мәзһабынан алшақ ағымдарға бой ұрғандардың бетін бері қарату, ал дінге енді бет бұрған адамдар болса, оларды адасудан сақтандыру туралы ақпараттар берді.

Сонымен бірге орталық мамандары Парламент қабырғасында талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасына көптеген өзгерістер енгізілейін деп жатқанын, мәселен, заң жобасындағы «деструктивтік ағым», «радикалдық ағым», тағы басқа осы секілді діни терминдердің ұғымдары айқындалып, бір жүйеге түсірілетінін, діни бірлестіктердің экс-тремистік және дес-труктивтік идеяларды насихаттауына жол берілмейтінін, қоғамдық орындарда қара киіммен жүруге рұқсат етілмейтінін және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарамаушыларға айыппұлдар салынатынын, дәстүрлі емес дінге ерушілердің тарихқа, отбасы құндылықтарына, салт-дәстүрге, тілге, мемлекетке қарсы екенін, ұрпақ тәрбиесі қашанда басты орында тұруы тиіс-тігін, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, ұлттық идеология, қазақтың ұстанған дәстүрлі исламы туралы жастардың білімі жетіспейтіндігін және басқа да діни тақырыптардағы ең өзекті деген мәселелер ортаға салынып, сұрақтарға жауап қайтарылды.

Барлық кездесулерде 2011 жылы Атыраудағы терроризм актісіне қатысып, кейін Ауғанстан, Пәкістан, Сирия асып, бірнеше жылдар бойы халықаралық іздеуде жүргеніне қарамастан лаңкестік бағыттағы әскери жорықтардың белсенді қатысушысы болған және қазіргі уақытта қауіпсіздік қызметінің қолына түсіп, жиырма жылға бас бостандығынан айырылған Дамир Зналиев атты азаматтың өмірі туралы деректі фильм көрсетілді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ,

Аяпберген САЛИХОВ

Аққыстау-Жанбай-Тұщықұдық-Х.Ерғалиев-Аққыстау

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521