Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Үндеуде көтерген «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі бастамасы білім саласын бүгінгі күн талабына сай дамытудан туындағаны анық.
Аталмыш бес әлеуметтік бастама жастар арасында да қызу талқылануда. Жыл сайын бөлінетін 54 мың мемлекеттік грантқа қосымша 20 мың грант қосу жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік. Соның ішінде, мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтар бо-йынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болмақ. Бұл ұсыныс Президентіміздің қаңтар айында жариялаған Жолдауында айтылған төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономика құру міндетіне де сай келеді. Жастарды қуантқан тағы бір жағымды жаңалық – жатақхана мәселесі. Елбасы «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» дей келе, тиісті орындарға жатақхана салуды тапсырды. Бұл болашақ маманның жан-жақты білім алуына мол мүмкіндік береді. Елбасының жастар мәселесін үнемі назарында ұстауы бізге зор сенім ұялатады. Еліміздің болашағы үшін, өсіп-өркендеуі жолында сапалы білім алып, аянбай еңбек ететінімізге сенімдіміз.
Сүйкім ТІЛЕПБЕРГЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің 3 курс студенті