Қазан айының ішінде Зинеден және Жанбай ауылдық округтерінде шекаралық аймақтың заңдылықтарын түсіндіру мақсатында тұрғындармен жиналыс өтті.
Оған «Исатай батыр» шекара заставасы директорының орынбасары, аға лейтенант Сұлтан Нақиев, Жанбай ауылындағы шекара заставасы басшысының орынбасары, лейтенант Досжан Тәжібай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға лейтенанты Дамир Айтбаев және аталған округ әкімдері қатысты. Аймақтағы шекара заставаларының айтуы бойынша, шекаралық аймақта жүрген кезде жеке тұлғаның қолында жеке басын куәландыратын құжаты болуы міндетті және ауылға көтерме жұмыс жасауға келген шетел азаматтары да аудандық Полиция бөлімінен белгілі шекаралық аймақта жұмыс жасау үшін рұқсат қағаз алу керек екен. Сонымен қатар шекара қызметінің профилактикалық жұмыстарын өткізген мамандар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Шекара туралы заңының талаптарын жеткізіп, тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді.
-Жалпы Каспий теңізінен 25 шақырым құрлыққа дейінгі жер шекаралық аймақ деп аталады. Осы шекаралық аймақта әрбір азамат міндетті түрде құжатпен жүруі тиіс, себебі бізден басқа да органдар тексеруі мүмкін, мемлекеттік шекара болған соң өз жұмыстарын атқаруға олар да міндетті, әйтпесе, Әкімшілік құқықбұзушылықтың 510-512 баптарымен жауапқа тартылады, - деді аға лейтенант Сұлтан Есенжанұлы. Жиын қорытындысы бойынша Шекара қызметінің мамандары тұрғындардан Қазақстан Республикасы азаматы ретінде Шекара қызметінің заң талаптарын толықтай орындауға ұсыныс білдіріп, заңдылықтарды насихаттау, түсіндіру бағытында кездесулердің жалғасатынын айтты.