Құжаты реттелмей, каналға су берілмейді

Исатай ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Б.Әбдешев өткен сәрсенбі күні Забурын ауылының халқымен кездесіп, мұң-мұқтажымен танысты.

Өз сөзінде депутат биылғы көктемдегі Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына байланысты облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта жастарды жұмыспен қамту және шағын несиелер беру мақсатында жаңа 136 жұмыс орны ашылып, ол мақсатқа 361 миллион теңге қаржы бөлінген. Б.Әбдешев өзі облыстық мәслихатта бюджеттік комиссияны басқаратындықтан, облыс бедерінде шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша несиелендіру жұмыстарының жай-күйіне де кеңінен тоқталды. Бұл мәселемен осыған дейін Мақат ауданында көптеген жұмыстар жүргізілсе, енді бұл шаруалар Исатай ауданында атқарылатынын айтты.

Үндеуде орын алған студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі облысымызда оңай шешілген тәрізді. Өйткені, осыған дейін облыстағы іргелі оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде студенттер үшін жатақханалар жетіспеген болса, енді «ҚазТрансОйл» АҚ өзінің 7 қабатты ғимаратын университетке сыйға тартыпты. Енді оқу орнында жатақхана мәселесі толықтай шешімін тапқан.

Бұдан соң Исатай ауданы бойынша бүгінгі күні атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталған депутат Елбасы Үндеуінде айтылған халықты тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманың орындалуы бойынша айтты. Атап айтқанда, қазіргі кезде Аққыстау ауылында 60 пәтерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатса, сонымен бірге 320 орындық кәсіптік колледж бен 100 орындық жатақхана құрылыстары жүріп жатқанын атай кеткен жөн.

Аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев ауданымызға арнайы ат басын бұрып келген және ел ішінде бүгінгі күні өте көкейтесті болып тұрған мәселені көтергені үшін меймандарға өзінің және аудан халқы атынан алғысын білдірді. Сонымен бірге, Елбасының 5 әлеуметтік бастамаға қатысты үндеуінің 2-ші бағыты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 60 мың теңгеге дейін еңбекақы алатын ауыл тұрғындарының 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бас-тап 10 пайыздық кіріс салығының 1 пайызға дейін төмендейтінін айтты. Үндеудің 5-ші бағытындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты да өз ойын ортаға салған мәслихат хатшысы бүгінгі күні ауданымызда газдандырылмаған Аманкелді, Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарына биыл судың жеткізілгенін, ал газдың келесі жылы тартылатынын айтып қуантты. Ауданда жасалып жатқан әлеуметтік жұмыстар мен жобалардың бірқатарына жеке тоқталып өтті.

Забурын ауылдық округі бойынша бірден бір проблемалық мәселе канал болатын. Нақты канал бойынша сұрақ қойған ауыл тұрғыны С.Қарабалаевқа жауапты «Кобяково-Забурын» суландыру жүйесі мекемесінің өкілі Н.Атаев берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде су қоймасында су бар, алайда, Зинеденге келетін канал ешкімнің теңгеріміне жатпайтындықтан, оған су жіберу мүмкін болмай тұр. Өйткені, құжатсыз, ешкімнің иелігіне жатпайтын каналға су жібергені үшін ешкім ақша төлемейді. Тіпті, халықты аяп, су жібере салған күннің өзінде құзырлы органдар мекеменің өзіне айыппұл салады екен. Сондықтан, әзірге, каналдың құжаттары реттеліп, теңгерімге берілу мәселесі біржақты болмайынша, каналға су жіберілмейтінін айтты. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген Б.Әбдешев те өз кезегінде нақты осы канал мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.

Жиналыстан соң депутаттың жеке қабылдауына кірген Зинеден ауылының тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдар мен мәселелерге қатысты жауаптар ала алды. Ал, шешілмеген немесе тереңірек үңілуді қажет ететін сұрақтарға қатысты облыстық мәслихат депутаты арнайы депутаттық сұраныс жіберіп, мәселе шешімін тапқан соң арызданушыға жеке хабарласып, жауабын беретінін айтты.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521