Маңғыстауда жалақымыз түкке жетпейді деген «Жедел жәрдем» қызметкерлері бас көтерді, деп хабарлайды ATPress.kz КТК телеарнасынан сілтеме жасап.
Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы ауданының фельдшерлері мен көлік жүргізушілері еңбекақыны көтереуді талап етті. «Әйтпесе, жұмысқа шықпаймыз» деп отыр олар.
Нағима Сәлібекова, фельдшер:
- Коронавирус кезінде де жүрдік. Бізге бір тиын ақша төленген жоқ. Сол вирустың кезінде алған айлығымыз 90 мыңға да жетпейді. 60-70 мың алып жүрдік. 90 мыңмен мына заманда бала-шаға бағу да қиын, білмеймін, не істерімді.
Медицина мамандары бар-жоғы 90 мың теңге айлық алатынын айтады. Бұл сомаға ақпан айынан бері 40 мың теңге қосылған екен. Алайда кейінірек оны тоқтатып тастапты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл жағдайды қаржылық қиындықтармен түсіндіреді. Бұл мәселені шешу үшін біраз уақыт керек деп ақталды. Алайда шу шығарғандардың бұған көнгісі жоқ. 60-қа жуық адам бірнеше сағат бойы айғайға басып тұрып алды. Шенділер дау ушығып кете ме деді ме, қос тарап ортақ мәмілеге келді. Сөйтіп еңбекақыға қосылатын үстеме қаражатты төлеу жыл соңына дейін сақталатын болды.
Аманбек Жұмыров, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазір біз келісімге келдік. Сол 40 мыңды ары қарай жалғастырып төлей беруге. Бұл қызметкерлердің қазір талабы – 40 мыңды тоқтатпау мәселесі. Бұл мәселе шешімін тапты.