Желден жылдам «жерұшақтар» - жол апатына басты себепші

Қолыма қалам алғызған жергілікті «Нарын таңы» газетінің тілшісі, жерлесім Серікбол Панабердиевтің жақында жарық көрген «Асығып қайда барамыз?» атты мақаласы еді.

Иә, техника дамыған қазіргі уақытта жүйтки жөнелетін шетелдік автокөліктерді тізгіндеген жүргізушілер жантүршігерлік жол-көлік оқиғаларына, тіпті, адам өліміне де себепші болып жүргені көпке белгілі.
Өзім тұратын ауылдан Атырау-Аққыстау бағытына қатынайтын таксилердің біріне отыруға тура келді. Жүйіткіген «Лексус» маркалы шетелдік автокөлігін тақымдаған жас жігіт жолдың да жайсыздығына қарамастан қалаға 35 минутта әкелді. Діттеген жеріме жеткен соң әлгі жүргізушіге рақметімді және көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырудың қауіпті екендігін, техниканың кенеттен болар ақаулығына ешкім кепілдік бере алмайтындығын ескертіп, үлкендік ақылымды айттым. Кейіннен таныс таксистерден сұрастырсам, олар кейбір жастар басқаратын такси көліктерін «Жермен ұшатын ұшақтар» деп атайды екен.
Жаратқанның адам баласына берген ең қымбат аманаты өміріне қатер туғызу діни жолмен айтқанда да зор күнә екендігі анық. Десек те, көлік жүргізудегі ұқыпсыздық, асығыстық қаншама адамның өмірін қиып жатыр. Мақалада көрсетілгендей, биылғы жылдың алғашқы 3 айының өзінде тіркелген 3 жол апатынан 6 адам көз жұмып, 6 адам әртүрлі дене жарақатын алған екен. Соған себепкер әлгі «жермен ұшатын ұшақтар» емей, кімдер дейсіз?
Бұндай қасіреттерге жастар ғана емес, үлкендер жағының да кінәсі көп. «Баладан аяйтын неміз бар?» деген ойды орынсыз жерге қолданатынымыз сол, тіпті ақылы тоқтап, буыны қатпаған жас балаларымызға ырқына көнбейтін қымбат көліктерді әперіп, бақылаусыз қалдырып жатамыз. Бұл оларды қатерге өз қолымызбен итергенмен бірдей деп есептеймін өз басым.
«Атырау-Астрахан» күрежолына жалғасқан Х.Ерғалиев ауылының кірме жолы жол емес, жарыс алаңына айналып бара жатыр. Өзім куә болған мына бір жайтты айта кетейін. Бір топ жасөспірімдер ауыл шетіндегі ойын алаңына жол бойымен келе жатты. Кенет орталықтан шыққан шетелдік автокөлік әлгі балаларға жақындай қалғанда қолындағы допты жерге соғып ойнап келе жатқан бір кішкентай балаға қарамастан, «Джип» автокөлігі жылдамдықты одан сайын асырып, жаңағы мәшинемен қатарласа берді. Екі автокөліктен қай жаққа кетерін білмеген балалар абырой болғанда жолдан түсіп үлгерді. Ал соңғы рет секірген доп көлік астына түсті. Әлгі доп орнында бала болмағанға шүкір деңіз.
Жол бойына ішкі жол талабына сай жылдамдық шегі, басып озуға тыйым салынатыны көрсетілген жол белгілері қойылса да, бұған көп жүргізушілер көңіл бөлмейтін сияқты. Ауылда кірмежол жөндеуден өткелі 4 жол-көлік оқиғасы болып, адамдар дене жарақаттарын алды. Ал, аудандық жол полициясына, аудандық мәслихат депутаттарына тақтайдай жолға жол кедергісін қоюды ұсынғанымызбен, ол әлі де орындалмай келеді.
Иә, шынында да осы асығып қайда барамыз? Ата бабамыз айтқан «Асықпаған арбамен қоян алады» деген тәмсілді әрқашанда естен шығармаған жөн ғой. Құстай ұшып қайғы-қасіретке себеп болғанша, адам өміріне зиян келтірмей, керісінше қуаныш сыйлап, асықпай аяңдағанға не жетсін, ағайын?

Сергей НИҒМЕТЖАНОВ,
Қамысқала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT