Сыбайлас жемқорлық – тек заң бұзушылық немесе жеке тұлғалардың жауапсыздығы емес, ол қоғамның дамуына нұқсан келтіретін, мемлекеттің әрбір құрылымына теріс әсер ететін қауіпті құбылыс. Бұл құбылыс қоғамдық сенімді бұзып, экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты бағыттары заңнаманы күшейтуден басталса да, ең маңыздысы – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Мұның өзі парақорлықтың түпкі себептерін жоюға және халық арасында әділдік пен ашықтық қағидаларын орнықтыруға көмектеседі.
Жемқорлыққа қарсы мәдениет – қоғам мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көрсететін, әділдік пен адалдықты жоғары бағалайтын, заңға құрметпен қарайтын қалыпты мінез-құлқы. Бұл мәдениет адамның жеке өмірінен бастап, мемлекеттік құрылымдарға дейін барлық деңгейде орын алуы тиіс. Әрбір азаматтың сана-сезімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес идеясы беріктігін табуы керек. Бұл мәдениет білім беру, тәрбиелеу және үнемі ақпарат беру арқылы нығаяды, ал оның негізі – адалдық пен әділдік қағидалары.
Парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі механизмдері
- Білім беру және тәрбиелеу
Адамлдыққа қайшы әрекетке тәрбие мектеп қабырғасынан басталуы керек. Білім беру жүйесінде құқықтық сауаттылықты арттыратын пәндер мен сыныптан тыс іс-шараларды енгізу қажет. Осылайша, жас ұрпақтың санасында әділдік, адалдық, заң үстемдігі туралы түсінік қалыптасады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтың зияны мен оның салдары туралы арнайы пәндер мен семинарлар өткізу өте маңызды.
- Мемлекеттік органдардың ашықтығы
Мемлекеттік құрылымдар өз қызметінде ашық және қолжетімді болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, ақпараттың қолжетімділігін арттыру, бюрократияны азайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолдары болып табылады. Бұл шаралар халықтың мемлекеттің қызметіне деген сенімін нығайтады.
- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі
Кәсіпорындар мен бизнес өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуда белсенді рөл атқара алады. Олар корпоративтік этика қағидаларын ұстана отырып, ашық есеп беріп, жемқорлыққа қарсы ішкі бақылау жүйесін құра алады. Адал бәсекелестікті дамыту, заңды бұзушылықтарға жол бермеу кәсіпкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
- Азаматтық қоғамның белсенділігі
Сыбайлас жемқорлықпен күресуде бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтар маңызды рөл атқарады. Журналистік зерттеулер, қоғамдық мониторинг және сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ашық айту – қоғамның әділеттілікке деген сұранысын арттырады. Бұл қоғамдық пікірді қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлықтың салдарынан қоғамдағы теңсіздіктерді жоюға мүмкіндік береді.
- Қатаң жазалау және алдын алу шаралары
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар үшін қатаң жазалау шаралары қолданылуы тиіс. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлықтың салдарын ауырлатып, оның алдын алуға ықпал етеді. Заңды бұзудың ауыр салдары қоғамдағы басқа азаматтарға сабақ боларлықтай болуы керек.
Түйін: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ұзақ әрі кешенді процесс. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Әділдік, адалдық, ашықтық және заң үстемдігі қағидаларын ұстана отырып, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, әділ әрі дамыған қоғам құра аламыз. Әрбір азаматтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қабылдауы, бұл мақсатта белсенді әрекет етуі елдің болашағы үшін аса маңызды.
Венера МУХИТОВА,
аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы,
аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі