Жемқорлықты жоятын құрал: Цифрлық теңге экономикаға қандай мүмкіндік береді

 

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан экономикасы цифрлық трансформация кезеңінде жаңа қаржы құралдарын енгізуге бет бұрды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрлық теңгенің ұлттық экономиканы цифрландырудағы маңыздылығын атап өтіп, оның толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдетуді тапсырды. Осы орайда, Kazinform тілшісі цифрлық теңгенің ел экономикасына қандай мүмкіндік беретінін және қандай тәуекелдер тудыратынын сарапшылар пікірі негізінде талдап көрді.

Цифрлық теңге қалай жұмыс істейді? 

Цифрлық теңге – Ұлттық банк шығаратын, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаға қосымша ретінде енгізілетін жаңа төлем құралы. Оның басты ерекшелігі – ақшаның қозғалысы толық цифрлық форматта қадағаланады. Президент бұл жобаны республикалық және жергілікті бюджеттерде, сондай-ақ ұлттық холдингтердің қаржысын басқаруда қолдануды міндеттеді. Сонымен қатар, цифрлық активтердің әлеуетін пайдалана отырып, арнайы мемлекеттік қор құру ұсынылды. Бұл қор экономиканы әртараптандыруға және инновациялық жобаларды қаржыландыруға жол ашуы тиіс.

Елімізде цифрлық теңгені енгізуге Ұлттық банк жауапты. Бұған дейін арнайы жол картасы әзірленді. Ол қолма-қол ақшамен де, қолма-қолсыз төлемдермен де қатар жүретін ұлттық валютаның үшінші түрі болмақ.


Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жүйеге 7 қаржы ұйымы қосылған: ірі екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта», сондай-ақ мемлекеттік төлемдер мен шоттарды жүргізуге жауапты Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті. Бұл ұйымдар цифрлық теңгені түрлі салаларға енгізу арқылы ұлттық қаржы жүйесінің жаңа бағытын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Бірқатар пилоттық жобалар іске қосылды. Жол құрылысы саласында қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланды. Фермерлерді қолдау кезінде қаржы тек мал мен техника сатып алуға бағытталды. Салық төлемдерінде есептілік жеңілдетілді. Ұлттық қор қаражаты есебінен инфрақұрылымдық жобалар қаржыландырылды. Ұлттық банктің дерегінше, сынақ барысында шамамен 270 миллиард цифрлық теңге айналымға шығарылды. Бұл қаражат толық бақылауда болып, тек мақсатты түрде жұмсалды. 2024 жылдан бастап мемлекеттік қаржы жобалары «таңбаланған» цифрлық теңге арқылы жүзеге асырыла бастады. Мұндай тәсіл қаржыны тиімді жұмсауға, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге жол ашты.

Сарапшылар не дейді?

Экономист Бауыржан Ысқақ президент тапсырмасына сәйкес цифрлық теңгенің қолдану аясын кеңейту Қазақстан экономикасы үшін бірқатар артықшылық беретінін айтады.

- Төлемдер жылдам әрі қауіпсіз болады, көлеңкелі экономиканың үлесі азаяды, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау тікелей азаматтарға жетеді. Бұған қоса, ауыл-аймақтарға қаржы қызметтерінің қолжетімділігі артады, – деді сарапшы.

Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру ұсынылған. Экономист Б.Ысқақ бұл қор экономиканы әртараптандыруға, жаңа технологиялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретінін айтады.


- Қазақстанды цифрлық қаржы нарығында жетекші ел етуге ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай қорлар аз, көп мемлекеттер сақтық танытып отыр. Сондықтан Қазақстан үшін бұл қадам тек нақты ережелер мен тәуекелдерді басқару тетіктері енгізілген жағдайда тиімді болады, – деп түйіндеді ол.

Экономист Мақсат Халық цифрлық теңгені енгізу уақыт талабы екенін айтып, оның артықшылықтарына кеңінен тоқталып өтті.

- Жалпы, цифрлық теңгені енгізу дұрыс деп есептеймін. Әлем солай дамып жатыр. Сондықтан бізде де бұл бастаманың қолға алынуы орынды. Ең үлкен артықшылығы – интернеттің болуын талап етпейді. Сонымен қатар, ол киберқауіпсіздігі жоғары, себебі блокчейн технологиясына негізделген. Әлеуметтік төлемдер нақты әлеуметтік әмиянға аударылған кезде оның толық цифрлық ізі қалады. Мемлекеттік сатып алуларда да әрбір төлемнің қозғалысын бақылауға болады. Бұл көлеңкелі экономиканы азайтуға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.


Сондай-ақ ол қоғамдағы алаңдаушылықтарға тоқталды:

- Цифрлық теңге ақша массасын көбейтіп, инфляцияға әсер ете ме деген сұрақтар жиі қойылды. Бірақ бұл алаңдаушылық негізсіз. Себебі цифрлық теңге арнайы токендік нөмірлермен шектеулі көлемде шығарылады. Ол кәдімгі біздің банк шоттарымыздағы электронды теңгеге ұқсас, қатар қолданыла береді, – дейді ол.

Мақсат Халықтың пікірінше, цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру көлеңкелі экономикамен күрестің тиімді тетігі болмақ:

- Қолма-қол ақша қаншалықты көп қолданылса, көлеңкелі экономиканың да, сыбайлас жемқорлықтың да тәуекелі соншалықты артады. Сондықтан қаражаттың цифрлық сипатқа ие болуы ақша айналымының мөлдірлігін қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыдан мұндай қордың құрылуы қажет, – деді сарапшы.

Экономист криптовалютаны толық тыйым салмай, заң аясында реттеуді ұсынады.

- Елімізде майнингтік компаниялар болсын, тіпті биткойндармен жұмыс істеу болсын – барлығын заңдастыру керек. Бұдан табыс табылса, ол мемлекетке салық ретінде төленуі тиіс. Бұл жағдайда Қазақстан ұтылмайды. Бірақ криптовалютаның бағасы құбылмалы, сондықтан азаматтардың қаржылық сауаттылығы төмен болса, шығынға ұшырауы мүмкін. Сол себепті алдымен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлу керек, – деп түйіндеді сарапшы.

Әлем тәжірибесі

Atlantic Council сараптамалық орталығының дерегінше, 2025 жылғы шілде айында әлем бойынша 137 ел мен валюталық одақ ОБЦВ (Орталық банктердің цифрлық валюталары) жобасына әртүрлі деңгейде қатысып отыр. Бұл – жаһандық ЖІӨ-нің 98%-ын қамтиды. Ал 2020 жылы мұндай елдер саны небәрі 35 қана еді. Қазірдің өзінде 72 мемлекет зерттеу, пилоттық жоба немесе толық енгізу кезеңінде тұр.


Багам аралдары, Ямайка және Нигерия өздерінің ұлттық цифрлық валюталарын ресми түрде енгізіп үлгерді.

Қытайдың цифрлық юані (e-CNY) – әлемдегі ең ірі пилоттық жоба. Оның көлемі 7 трлн юаньға (986 млрд доллар) жетіп, білім беру, денсаулық сақтау, туризм сияқты салаларды қамтып отыр. Үндістанның цифрлық рупиясы да тез дамуда: 2025 жылғы наурызда оның көлемі ₹10,16 млрд (122 млн доллар) болып, бір жылда 334%-ға өскен.

Еуропалық орталық банк 2023 жылы цифрлық еуроға дайындық кезеңін бастаған. Ал АҚШ-та 2025 жылы Дональд Трамптың жарлығымен ОБЦВ әзірлеуге ресми түрде тыйым салынды. Бұл – әзірге мұндай қадамға барған жалғыз мемлекет. Мамандардың пікірінше, Қазақстанның цифрлық теңгеге ден қоюы жаһандық қаржы нарығының даму қарқынымен үндес келеді. Алайда әр елде цифрлық валютаны енгізу өзіне тән экономикалық және құқықтық ерекшеліктерге байланысты жүзеге асырылып жатыр.

Әлемнің көптеген орталық банктері цифрлық валютаны әртүрлі мақсатта дамытып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, оның басты артықшылықтары – қаржылық қызметке қолы жетпеген азаматтарға жаңа мүмкіндік ашу, төлем нарығында бәсекелестікті күшейтіп, қызмет сапасын арттыру, ақша аударымдарын жылдам әрі арзан ету. Сонымен қатар, мұндай валюта қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекетке ақша-несие және салық-бюджет саясатын тиімді жүргізуге көмектеседі. Мәселен, Багам аралдары Sand Dollar цифрлық валютасын енгізу арқылы шалғай аймақтардағы халыққа қаржылық қызметті қолжетімді еткен.

Жалпы алғанда, цифрлық теңгенің енгізілуі – Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Ол мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, халыққа әлеуметтік төлемдерді әділ жеткізуге мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай жобалардың табысты болуы үшін ең бастысы – қауіпсіздік пен азаматтардың сенімін қамтамасыз ету.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT