Жерді тиімді пайдалану – ел дамуының өзегі

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселелердің бірі – жер қойнауын зерттеу мен игеру тақырыбына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы қазіргі аэро-геофизикалық зерттеулердің ескіргенін айта келе:

— Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу қажет. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн, – деп атап өтті.

Бұл бастама Қазақстан үшін ғана емес, аудандық деңгейдегі даму үшін де маңызды. Өйткені жер қойнауының әлеуетін жан-жақты зерттеу – инвестиция тартудың, жаңа өндіріс орындарын ашудың, халықты тұрақты жұмыспен қамтудың кепілі. Заманауи карта мен ғылыми негізделген зерттеу жұмыстары ауыл шаруашылығына, құрылыс саласына және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға да серпін береді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуы тиіс. Бұған дейін қаржының басым бөлігі шикізат салаларына бағытталған болса, ендігі кезекте өңдеу өнеркәсібін, жоғары технологияларды және шағын-орта бизнесті дамыту күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндай саясат ауылдық жерлер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі әрбір жаңа инвестициялық жоба – ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Аудандық деңгейде бізге жүктелген міндет айқын: жер ресурстарын тиімді пайдалану, оларды әділ бөлу, халық игілігіне жарату. Жер – ел қазынасы. Президенттің «жер иесіз қалмауы керек, оны қадірін білетін азаматтардың қолына беру қажет» деген сөзі – біздің жұмысымыздың негізгі ұстанымы. Электронды форматта жерді уақтылы айналымға енгізу, ашық әрі әділ бөлу – жайылым тапшылығы мәселесін шешуге де, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге де мүмкіндік береді.

Біздің бөлім алдағы уақытта да жер қатынастарын реттеу, сәулет және қала құрылысы салаларында жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді. Елдің дамуы ауылдан басталатынын ескерсек, Мемлекет басшысының бастамаларына үн қосып, аудан көлемінде нақты нәтижелерге қол жеткізу – басты мақсатымыз.

 

Ақжол ЕЛУБАЙҰЛЫ, 

Исатай аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT