Жеті жүз адам үй кезегінде тұр

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты саралап, өзекті мәселелердің шешімін табу мақсатында кезекті мәжілісі өтті.

Оған аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің Бюросы мен кеңес мүшелері, аудандық мәлихаттағы партия фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Аудан әкімі Марат Мурзиевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы» бірінші бастама: «Баспана алуға жаңа мүмкіндіктер» бағытындағы жұмыстар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Сисатовтың баяндамасы тыңдалды. - Бұл бастама арқылы республиканың әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қозғалуда. Аудан бойынша тұрғын үй салу үшін кезекте 723 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін аудан орталығы Аққыстау ауылынан 2015-2017 жылдарына екі 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, 120 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, биылғы жылы аудандық құрылыс бөлімімен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Азаматтардың тұрғын үйге ие болудың тағы бір мүмкіндіктері бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы.

Облыс көлемінде аталған бағдарламамен «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй үшін несие беруді жүзеге асырып, бағдарлама аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін пилоттық жоба ұсынып отыр. Несие бойынша жылдық мөлшері 5 пайыз,-деді. Аталған бес бастаманың екінші бастамасында – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек-ақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту болып көрсетілген. Бұл орайда аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шайхат Сағынғалиев салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып,1 пайыз ғана салық салу ұсынылғанын айтты. Айталық, айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңгені құрайтын болса, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде айлық алатындарға қатысты. Ал, 50 мың теңге жалақы алатын қызметкерден ұсталатын табыс салығы 1672 теңгені құраса, келер жылдан бастап 167 теңге болмақ. Бұл бастамадағы салық жүктемесін азайту қолданысқа енгізілсе, табысы аз азаматтарға көп жеңілдік болары сөзсіз. Сонымен қатар мәжілісте «Атамекен» ҰКП аудандық филиалы мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің, «Исатай несие серектестігі» ЖШС басшыларының есебі тыңдалды. Әрбір бастама бойынша ұсыныстар нақтыланып, проблемалық мәселелер бойынша шаралар алу жөнінде тапсырмалар беріліп, қаулы қабылданды. Екінші мәселеде аудандық білім бөлімінің «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында биылғы жылы мектеп бітіруші түлектермен жасаған жұмыстары жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішұлының қысқаша баяндамасы тыңдалып, кейін ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Әйгерім ҚҰБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT